Алдағы 10 жылда жасанды интеллект Қазақстандағы жүздеген мың жұмыс орнына әсер етуі мүмкін – Еңбек министрлігі

37


АСТАНА.16.05.2026.Munarmedia.kz – Қазақстанда алдағы он жыл ішінде жасанды интеллект технологияларының кеңінен енгізілуі салдарынан 300-400 мыңға жуық жұмыс орны қысқаруы мүмкін. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Туякбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, ең алдымен адамдармен тікелей қарым-қатынасты қажет етпейтін және қайталанатын міндеттерге негізделген мамандықтар тәуекел аймағына енеді. Атап айтқанда, бухгалтер көмекшілері, заңгер ассистенттері және стандартты есептер мен құжаттарды дайындайтын қызметкерлердің жұмысының бір бөлігін болашақта жасанды интеллект атқаруы мүмкін.

«Шоттарды салыстыру, типтік есеп дайындау немесе шаблондық талап-арыздарды әзірлеу сияқты рутиналық жұмыстарды алдағы уақытта жасанды интеллект орындайды», – деді Ербол Туякбаев.

Вице-министрдің сөзінше, Еңбек министрлігі еңбек нарығындағы бұл өзгерістерге дайындалып жатыр. Қазіргі уақытта қазақстандықтарды жаңа мамандықтарға қайта оқыту бағдарламалары іске қосылған. Бағдарлама еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар министрлік кейбір салаларда адам еңбегіне деген сұраныс әлі де жоғары болатынын атап өтті. Әсіресе жұмысшы мамандықтары мен медицина саласының мамандары алдағы уақытта да қажет бола береді.

Ербол Туякбаев жақсы стоматолог, электрик немесе еден төсеу шеберін табу қазірдің өзінде қиын екенін айтып, мұндай тәжірибелік және қол еңбегіне негізделген кәсіптерді жасанды интеллект толық алмастыра алмайтынын жеткізді.

Сарапшылардың пікірінше, цифрландыру мен автоматтандырудың дамуы еңбек нарығын түбегейлі өзгертеді. Сондықтан қызметкерлердің жаңа технологияларға бейімделуі мен үздіксіз білім алуы басты талаптардың біріне айналып отыр.

#ЖасандыИнтеллект #ЕңбекНарығы #Қазақстан #ЕңбекМинистрлігі #Цифрландыру #AI #Munarmedia