Munarmedia.kz. 30.10.2026. ASTANA —Жанармай шығынының күрт өсуіне байланысты әлемді айналып шығуды жоспарлаған MV Odyssey круиздік лайнерінің сапары аяқ астынан тоқтатылды. Соның салдарынан шамамен 200 жолаушы Камбоджаның Сиануквиль портында кемеден кетуге мәжбүр болды. Олардың арасында зейнеткерлер де бар. Кейбірі кемеде өмір сүру үшін үйлері мен басқа да мүлкін сатқан.
27 қазан күні таңертең америкалық Villa Vie Residences компаниясы жанармай бағасының өсуіне байланысты лайнер жұмысын уақытша тоқтататынын хабарлаған. Жолаушыларға заттарын жинап, кемеден кету үшін небәрі жеті сағаттай уақыт берілген.
Көптеген жолаушы бұл сапарды өмірінің соңына дейін кемеде өткізуге мүмкіндік беретін тұрақты баспана ретінде қарастырған. Сондықтан күтпеген шешім олардың жоспарларын бұзып қана қоймай, кейбірін тұратын жерсіз қалдырды.
Жолаушылардың бірқатары каюталарға жүздеген мың доллар төлеген. Мәселен, 69 жастағы америкалық Кэрол Ларсон лайнерде тұру құқығын 120 мың долларға сатып алып, оған қоса ай сайынғы төлем жасаған. Австралиялық Фрэнсис Паруазьен кемеде 15 жыл өмір сүруді жоспарлаған. Ал Рэнди мен Кит Кассингем есімді ерлі-зайыптылар сапарға шамамен бір миллион доллар жұмсаған.
Камбоджаның жергілікті билігі де жағдайға алаңдаушылық білдірді.
«Кемеден дереу кету туралы күтпеген бұйрық көптеген зейнеткер мен қашықтан жұмыс істейтін адамды баспанасыз қалдырды», — деді Камбоджаның провинция басшысының орынбасары Лонг Диманш.
Villa Vie Residences компаниясының басшысы Микаэль Петерсонның айтуынша, кәсіпорынның ай сайынғы шығындары шамамен 400 мың доллардан 2 миллион долларға дейін өскен. Компания АҚШ-та банкроттық рәсімін бастауға дайындалып жатыр.
Алдын ала мәлімет бойынша, лайнер 31 қазанда жанармай құйып, Камбоджадан шығуы тиіс. Алайда оның бұдан кейін қай бағытқа бет алатыны әзірге белгісіз.
Жолаушылардың кемедегі каюталарына қайта орала алатыны, сапардың жалғасатыны немесе жұмсаған ақшаларының өтемақысын алатыны жөнінде де нақты ақпарат жоқ.
Бұл жағдай ұзақ мерзімді круиздік сапарға қомақты қаржы салған адамдардың құқықтары мен олардың қауіпсіздігіне қатысты сұрақтарды алға шығарды. Әсіресе, кемеде тұрақты тұруды жоспарлап, соған байланысты баспанасынан айырылған жолаушылардың тағдыры алаңдатып отыр.
#MunarMedia #Камбоджа #КруиздікЛайнер #ӘлемЖаңалықтары #Туризм #Жолаушылар