Ақмола облысындағы цемент зауыты жұмысшыларына 144 млн теңге қарызын қайтармауда

41

Munarmedia.kz. 31.10.2025 ж. /Астана/-Ақмола облысының ірі өнеркәсіп орындарының бірі — «ПО Кокше-Цемент» ЖШС қызметкерлеріне 144 миллион теңгеге жуық еңбекақы қарыз болғаны анықталды. Кәсіпорын жұмысшылары бірнеше айлық жалақының төленбеуі, жаппай жұмыстан босату және зауытты әдейі дағдарысқа ұшырату белгілеріне байланысты мемлекеттік органдарға ұжымдық шағым жолдады.

«HALYQSTAN» Telegram арнасының хабарлауынша, Біржан сал ауданы әкімдігі 683 қызметкердің шамамен 200-ден астамы жұмыстан кеткенін растаған. Ал зауыттың ресми жұмысы жалғасып жатқанымен, бірқатар қызметкер түсініксіз себептермен мәжбүрлі демалысқа жіберілген.

Жұмысшылардың айтуынша, «өз еркімен» жұмыстан кеткендерге есеп айырысу бірден жасалуда, ал қалғандарына төлем кейінге қалдырылған. Ұжымдық хатта мұндай әрекеттер қызметкерлерге қысым көрсетудің белгісі ретінде бағаланған.

Сонымен қатар, зауыт екі аффилирленген компанияға — «ПО Бетон» және «Пром Инвест Алматы» ЖШС-теріне қаржылық тәуелділікке түскені айтылады. Біріншісі өнімнің өткізілуін бақыласа, екіншісі шикізат пен қосалқы бөлшектерді сатып алумен айналысады.

Қызметкерлер арасында зауыттың шетелдік инвесторларға сатылуы мүмкін деген қауесет те тараған. Олардың сөзінше, жуырда кәсіпорында Қытайдың Xinjiang Sanbao Industrial Group Co., Ltd. компаниясының өкілдері болып, активтерді бағалаумен айналысқан.

Жұмысшылар прокуратурадан, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтен және ҰҚК-ден зауыт басшылығының әрекеттерін тексеріп, қаржылық операциялар мен жалақының кешіктірілуіне құқықтық баға беруді сұрап отыр. Сонымен қатар, ұжым өз хатында зауытты мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды ұсынған.

Қазіргі уақытта прокуратура жалақының кешіктірілу фактісі бойынша тексеріс бастағаны белгілі болды.