Ақорданың бастамасымен тағы бір партия құрылмақ

120

Munarmedia.kz 16.04.2026/Astana/ – Қазақстанда саяси ойын өз деңгейінде толықсып келеді.  Жаңа «Әділет» атты саяси партия құру бастамасы жарияланды. Бұл туралы бастамашыл топтың үндеуінде айтылды.

Құжатта «прогрессивті реформаларды қолдаушылар және Әділетті Қазақстан идеясын жақтаушылар» бірігіп отырғаны атап өтілген. Бастамашылар қатарында қоғам және саясат өкілдері бар. Олардың ішінде Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Гульзира Атабаева, Астана халықаралық қаржы орталығы басқарушысы Ренат Бектуров, «Әділ сөз» қорының президенті Карлыгаш Джаманкулова, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева бар.

Сондай-ақ бастамашыл топ құрамына Рауан Кенжеханұлы, Андрей Лаврентьев, Бурихан Нұрмұхамедов, Лаззат Чинкисбаева, Марат Шибутов және басқа да белгілі тұлғалар енген.

Айта кетейік, бастамашылардың бірқатары бұған дейін Конституциялық комиссия құрамында болған. Сарапшылардың пікірінше, бұл жаңа саяси жобаның институционалдық тәжірибесі бар кадрларға сүйенетінін көрсетеді.

Бұған дейін «Әділет» атауымен партия болған. Оны Максут Нарикбаев басқарғаны белгілі.

Саясаттанушылар жаңа партияны дәстүрлі «оңшыл-солшыл» жіктеу аясында бағалау қиын екенін айтады. Қазіргі саяси жағдайда партия президенттік реформалар бағытын қолдауға бейім болуы мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, ол билікшіл Amanat партиясына белгілі бір деңгейде бәсекелес болуы ықтимал. Жаңа партия халыққа өз еңбегін, жұмысын көрсетпестен бірден құрыла сала Құрылтайға кіріп кетуі ықтимал. Қазіргі таңда  Аманат, Ақжол, Ауыл және Республика сынды ешқандай қазақстан қоғамына пайдасыз партиялардың қатарына Әділетте қосылары сөзсіз. Мұндай жағдайда ҚХП, ЖСДП және Байтақ партиялары бірігіп бір коалиция құрғандары жөн болар еді. Сонда нағыз саяси бәсеке басталады. Бұған тіркелмеген партиялар мен қоғамдық ұйымдарда біріге алар еді. 

Сарапшылардың бағалауынша, жаңа саяси күштің пайда болуы алдағы электоралдық науқандар мен Ұлттық құрылтай аясындағы партиялық конфигурацияға әсер етуі мүмкін.

#ӘділетПартиясы #Саясат #Қазақстан #Реформалар #Amanat #Astana #Munarmedia