Ақсуда жалған жүктілік анықтамасын пайдаланған әйел 20 тәулікке қамауға алынды

40

Munarmedia.kz 05.06.2026. ASTANA – Павлодар облысының Ақсу қаласында жалған жүктілік анықтамасын пайдаланған әйелге қатысты сот шешімі қайта қаралып, оған 20 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.

Павлодар облысы прокуратурасының мәліметінше, әйел адамның жүргізуші куәлігі болмағанына қарамастан, мас күйінде көлік жүргізіп, жол-көлік оқиғасын жасаған.

Іс сотта қаралған кезде құқық бұзушы өзін жүкті екенін растайтын медициналық анықтама ұсынған. Соның негізінде оған әкімшілік қамау жазасының орнына айыппұл салынған.

Алайда кейін жүргізілген тексеру барысында ұсынылған медициналық құжаттың жалған екені анықталды.

Осы дерек бойынша жалған құжатты пайдалану фактісімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Сонымен қатар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әрекеттеріне де құқықтық баға беру мақсатында тексеру жүргізіліп жатыр.

Прокуратураның араласуынан кейін Павлодар облыстық сотының апелляциялық сот алқасы істі қайта қарап, бұрынғы шешімге өзгеріс енгізді. Нәтижесінде құқық бұзушыға 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.

Қадағалау органы жалған құжаттарды пайдалану заң алдында жауапкершілікке әкелетінін еске салып, азаматтарды заң талаптарын сақтауға шақырды.

#Ақсу #ПавлодарОблысы #ЖалғанАнықтама #ӘкімшілікҚамау #ЖКО #Прокуратура #Қазақстан #MunarMedia #ASTANA #Жаңалықтар