Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
N/A Астана
USD 467.29
Menu

Байден короновирусқа шалдықты. Лас-Вегастағы шара кейінге шегерілді

24

АҚШ президенті Джо Байден үшінші рет коронавирусқа шалдықты. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Карин Жан-Пьердің сөзінше, Байденге вирустың жеңіл түрі жұққан. Оның айтуынша, президентке бұған дейін тиісті екпелер салынған.

81 жастағы Байден 17 шілдеде кешке Лас-Вегастағы сайлауалды шарада сөйлеуі тиіс болған, алайда коронавирусқа байланысты шара кейінге шегерілді.

Байденнің дәрігері Кевин О’Коннор ақпарат құралдарына президенттің тұмауратып, жөтелгенін, вирусқа қарсы Паксловид препаратын қабылдағанын айтты. Дәрігердің айтуынша, бастапқыда президенттің жағдайы жақсы болған, алайда ізінше оған коронавирус жұққаны белгілі болған.

Байденнің Лас-Вегасқа сапарынан ақпарат таратқан BBC тілшісі президент ұшаққа баяу және мұқият көтерілгенін жазды.

Жан-Пьердің айтуынша, ем қабылдап жатқан президент Делавэр штатындағы үйінде болады, алайда "қызметін толық атқара бермек".

Байден X желісінде "тезірек жазылуына" тілектес болған қолданушыларға алғыс айтып, айыққаннан кейін "Америка халқы үшін қызмет етуін жалғастыратынын" жеткізді.

Джо Байден 2022 жылы шілдеде де коронавируспен ауырған.

Демократиялық партиядағы көптеген саясаткер мен жақтастары Джо Байденді кандидаттықтан бас тартуға үндеп жатыр. Президенттіктен үміткер Дональд Трамппен 27 маусым күнгі сәтсіз дебаттан кейін 81 жастағы Джо Байденге қысым үдеген. Дебат барысында Байден кейбір ойларын толық аяқтай алмай, кейбір тұста аузына сөз түспей, жауаптан жаңылды. Байденнің өзі дебаттағы сәтсіздігін халықаралық рейстерден қалжырағандығымен түсіндірді.

Байден бұған дейін кандидаттығын алмайтынын айтқан. Сәрсенбі күні BET телеарнасына берген сұхбатында президент "медициналық жағдай" туындаса ғана кандидаттығын алу мәселесін қарастырып көретінін айтқан.

АҚШ-та президент сайлауы 5 қарашада өтеді. Республикалық партия атынан оған бұрынғы президент Дональд Трамп қатысады. Байденнің кандидатурасы тамыз айында демократтар съезінде түпкілікті түрде ресми түрде бекітілу керек.