Munarmedia.kz 11.04.2026 /Astana/ – Елордада өткен V халықаралық экологиялық конгресте «жасыл» саяси партиялар қазіргі геосаяси және экологиялық ахуалға байланысты өздерінің стратегиялық бағдарламаларын қайта қарастырып жатқаны мәлім болды.
Жиынға Орталық Азия елдерімен қатар Ауғанстан, Литва, Ресей, Моңғолия, Швеция және Финляндиядан келген өкілдер қатысты. Конгресс барысында Мемлекет басшысының «Экологиялық жауапкершілік және цифрлық шындық» бастамасының жалғасы ретінде «Жасыл күн тәртібі 2.0» тұжырымдамасы таныстырылды.
Қатысушылар экологиялық жобаларды қаржыландыру мақсатында «Жасыл қор» құру бастамасын қолдап, халықаралық эколог-ғалымдар кеңесін жасақтау мәселесін көтерді.
Сонымен қатар іс-шара аясында «ARAL» саммитіне төрағалық ету өкілеттілігі Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясынан Қырғызстанның Жасылдар партиясына берілді.
Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаевтың айтуынша, әлемдегі геосаяси тұрақсыздық пен өндірістік апаттар экологияға айтарлықтай қауіп төндіруде.
«Шығыс Еуропа мен Таяу Шығыстағы ахуал, ядролық қауіптің күшеюі, сондай-ақ мұнай өндірістеріне жасалған соққылардың салдары қоршаған ортаға әсер етпей қоймайды. Мұндай жағдайда стратегиялық бағдарламаларды жаңарту – уақыт талабы», – деді ол.
#экология #ЖасылСаясат #Астана #конгресс