Балалары әскерде қаза тапқан аналарды көшеге шығармайды

15

АСТАНА.11.05.2026.Munarmedia.kz — Елордадағы Үкімет ғимараты маңында мерзімді әскери қызмет кезінде қаза тапқан сарбаздардың аналары жиналып, наразылық акциясын өткізбек болды. Олар Даурен Қосанов пен Ерлан Саденовпен кездесуді талап еткен, деп хабарлады Ulys Media.

Басылым мәліметінше, әйелдерге азаматтық киімдегі екі адам келіп, өздерін әскери прокуратура қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар қауіпсіздік талаптарына байланысты Министрліктер үйі ғимаратына жақындамауды өтінген. Бұл күні Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтуіне байланысты күзет күшейтілгені айтылды.

Кейіннен аналарға Қорғаныс министрі оларды қабылдауға дайын екені хабарланған. Ұлдары Қарулы күштер қатарында қызмет еткен әйелдер кездесуге кеткен. Ал Ұлттық ұлан сарбаздарының аналары сол орында күткен. Осы уақыт бойы прокуратура өкілдері олармен сөйлесіп, наразылық өткізбеуге шақырып, мәселені шешуге көмектесуге уәде берген. Соның нәтижесінде әйелдер акция өткізуден бас тартқан.

Журналистерге сұхбат берген аналар балаларының әскердегі қызметі кезінде қаза тапқанын немесе ауыр зардап шеккенін айтып, істердің әділ тергелуін талап етті.

Басылымның жазуынша, қаза болған және жарақат алған сарбаздардың туыстары бірнеше жылдан бері істерді қайта қарауды, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды сұрап келеді. 2025 жылдың қарашасында Министрліктер үйі алдында өткен ірі наразылықта олар суицид, жазатайым оқиға немесе салғырттық ретінде жабылған істерді қайта тергеуді және армияда реформалар жүргізуді талап еткен.

Осы оқиғадан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурор Берік Асыловқа аталған істерді зерделеуге тапсырма бергені хабарланған. Кейін наразылыққа қатысқан бірқатар әйел полиция тарапынан ұсталған болатын.

#Munarmedia #Астана #Әскер #Сарбаз #ҰлттықҰлан #ҚорғанысМинистрлігі #Наразылық #Қазақстан #ӘскериПрокуратура