Munarmedia.kz. 16.07.2026. ASTANA – Беларусь Республикасына маусымдық жұмысқа барған Өзбекстан азаматтарының бір тобы еңбек және тұрмыстық жағдайларға қатысты шағым айтып, елге қайтуға көмек сұрады.
Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Өзбекстанның Әндіжан облысынан 255 азамат Беларусьтің Витебск облысына ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығы саласында жұмыс істеуге жіберілген. Жұмысқа аттанар алдында оларға ресми еңбек шарты, тұрақты жалақы, қолайлы тұру жағдайы және әлеуметтік кепілдіктер берілетіні айтылған.
Алайда Беларуське барғаннан кейін кейбір еңбек мигранттары уәде етілген жағдай мен нақты ахуал сәйкес келмегенін мәлімдеді.
Жұмысшылар Әндіжан облысының әкімі Шухрат Абдурахмановқа бейнеүндеу жолдап, тұрмыстық жағдайдың төмен екенін және жалақы көлеміне көңілдері толмайтынын жеткізді.
Олардың айтуынша, ай сайынғы табысы шамамен 500 АҚШ долларын құрайды. Бұл ретте тамақтану және күнделікті қажеттіліктерге кететін шығындарды өздері өтейді. Мигранттардың есебінше, барлық шығындардан кейін қолдарында шамамен 200 доллар қалады.
Жұмысшылар мұндай табыс үшін шетелде қалудың мәні жоқ екенін айтып, елге оралуға жәрдем көрсетуді сұраған.
Өзбекстанның Сыртқы еңбек миграциясы агенттігі жағдайды Беларусь аумағында шешу үшін Әндіжан облысы әкімдігі және жұмыс берушілермен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады.
Ведомство мәліметінше, еңбек шарттарында орташа айлық жалақы 900–1000 доллар көлемінде көрсетілген, ал ең жоғары табыс 1200 долларға дейін жетуі мүмкін. Агенттік еңбек жағдайлары сақталмаған жағдайда жұмысшыларды басқа жұмыс берушілерге ауыстыру немесе Беларусьтегі өзбек инвесторлары құрған фермерлік шаруашылықтарға орналастыру мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеді.
Кейін әлеуметтік желілерде тараған ақпаратта кейбір жұмысшыларға жаңа жұмыс орны ұсынылып, айлық жалақысы 890 доллар көлемінде болатыны айтылған. Сонымен бірге басқа да Өзбекстан азаматтарының ұйымдастырылған еңбек миграциясы бағдарламасына қатысты сын-пікірлері мен шағымдары жарияланды.
Айта кетейік, 8–9 шілде күндері Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің Беларуське мемлекеттік сапары барысында екі ел арасында өзбек азаматтарын Беларусь аумағында ұйымдасқан түрде жұмысқа орналастыру туралы келісімге қол қойылған болатын.
Келіссөздер кезінде Беларусь Президенті Александр Лукашенко елде жұмыс күші тапшылығы бар екенін айтып, өзбек азаматтарын отбасыларымен бірге жұмыс істеуге шақырған.
Алдағы уақытта осы бағдарлама аясында Беларуське Өзбекстанның тағы шамамен 5 мың азаматын жұмысқа орналастыру жоспарланған.
#MunarMedia #Беларусь #Өзбекстан #ЕңбекМиграциясы #Жұмысшылар #ӘлеуметтікМәселе #Қазақстан #ӘлемЖаңалықтары