Билер кеңес қазақстанға қажет пе? Депутат неге билер кеңесіне шүйлікті?

116

Munarmedia.kz 18.04.2026 /Astana/Депутат Нартай Сәрсенғалиев Премьер-Министр Олжас Бектенов атына жолдаған сауалында атауларында «би», «билер кеңесі», «бас би» терминдерін қолданатын ұйымдардың қызметін «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заң талаптарына сәйкестігі тұрғысынан тексеруді сұрады.

Оның айтуынша, мұндай ұйымдар мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік мекемелердің функцияларын қайталамауы тиіс. Депутат қоғамда резонанс тудырған жағдайды да атап өтті.

«...Қоғамда өзін «Ақсақалдар кеңесі» деп атаған топтың ақ боз атты құрбандыққа шалып, “ата-бабаларымыздың күнәсі үшін кешірім сұраймыз” деген бейнежазбасы үлкен алаңдаушылық туғызды. “Рухтар әлеміне портал жабамыз” деген әрекеттері қоғамда қызу талқыланды. Кейін зардап шеккендер мемлекеттік органдарға шағымданғанымен, нәтиже болмады», – деді ол.

Сонымен қатар депутат қоғамға іріткі салып, ел бірлігіне нұқсан келтіретін ұйымдардың қызметіне құқықтық баға беруді талап етті.

Өз кезегінде депутат Ерболат Сатыбалды Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева атына жолдаған сауалында салтанатты жиындардағы даңғазалықтың шектен шыққанын айтты.

«Тойларда “Үздік құда” секілді төсбелгілерді тарату белең алды. Бұл құрмет наградаларының мәнін жояды. Бұл құбылыс тек тоймен шектелмей, еңбек ұжымдарына да тарап отыр. Жалған марапаттар мен қолдан жасалған төсбелгілер сәнге айналды», – деді ол.

Депутат сондай-ақ «Қазақстанның құрметті азаматы», «Ұлт ұстазы», «Ғасыр ұстазы», «Қазақстанның қайраткері», «Алаш ұлы», «Ұлы Дала ұлы», «Арда азамат», «Тұлға» секілді атаулармен берілетін қоғамдық марапаттардың көбейгенін сынға алды.

Осыған байланысты ол заңнамаға «қоғамдық награда» ұғымын енгізуді және тарихи тұлғалар, ұлттық батырлар мен мемлекеттік қайраткерлердің есімдерін, сондай-ақ мемлекеттік мәні бар атауларды қоғамдық марапаттарда қолдануға тыйым салуды ұсынды.

Айта кетейік, бұл мәселелер бұған дейін де Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалығымен өткен Ұлттық құрылтай отырыстарында бірнеше рет көтерілген болатын. Алайда олар әлі күнге дейін нақты іске аспай отыр.

Сауал авторларының пікірінше, мәселенің өзектілігіне негізгі себептердің бірі – мемлекеттік органдар функцияларының қайталануы.

#Мәжіліс #Аманат #депутаттықсауал #қоғам #заңнама #Қазақстан