Munarmedia.kz | 9 мамыр 2025 жыл | АСТАНА– «Microsoft» компаниясының негізін қалаушы, америкалық миллиардер Билл Гейтс алдағы 20 жылда өзінің жеке байлығын толығымен дерлік қайырымдылық пен гуманитарлық мақсаттарға бағыттайтынын мәлімдеді.
«Мен өзімнің байлығымның басым бөлігін бүкіл әлемде адам өмірін сақтау мен сапасын арттыру жолындағы істерге жұмсағым келеді. Бұл қаржылар Гейтс қоры арқылы бөлінеді. Қордың жұмысы 2045 жылғы 31 желтоқсанда толық тоқтатылады», – деді ол бейсенбі күні жасаған мәлімдемесінде.
Гейтс қоры алдағы екі онжылдықта жалпы көлемі 200 миллиард АҚШ долларын қайырымдылыққа бөлуді жоспарлап отыр. Бұл көрсеткіш – қордың 25 жыл ішінде жұмсаған жалпы қаражатынан екі есе көп. Қазіргі активтері бұл сомадан аз болғандықтан, жетпей тұрған бөлігін Билл Гейтс өзінің жеке қаражатынан өтеуге ниетті. Қазіргі таңда оның байлығы 108 миллиард доллар деп бағалануда.
«Мен қайтыс болған соң адамдар мен жайлы түрліше айта жатар. Бірақ "ол кісі бай күйінде көз жұмды" деген сөз айтылмаса екен деймін», – деп атап өтті миллиардер.