28.05.2026. Munarmedia.kz. АСТАНА — Қазақстандықтарға болашақта зейнетақы мөлшерінің төмен болуы мүмкін екені ескертілді. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеудің жаңа әдістемесін әзірлеп жатқанын мәлімдеді.
Қор мәліметінше, егер қазіргі жеткіліктілік шектері өзгеріссіз қалса, болашақта көптеген қазақстандықтардың жинақтаушы зейнетақысы айына шамамен 50 мың теңге көлемінде болуы мүмкін.
БЖЗҚ жаңа тәсіл бойынша жинақтаушы зейнетақы мөлшері медианалық жалақының кемінде 40 пайызына тең болуы тиіс деп есептейді.
Жаңа есептеу жүйесінде бірнеше негізгі фактор ескерілмек. Атап айтқанда:
– азаматтың жасы;
– инфляция деңгейі;
– инвестициялық табыстылық;
– халықтың демографиялық көрсеткіштері.
Қор өкілдерінің айтуынша, қазіргі талаптар мен тұрақты аударымдардың өзінде болашақтағы зейнетақы күткен деңгейден әлдеқайда төмен болуы ықтимал.
БЖЗҚ дерегіне сәйкес, жинақтаушы зейнетақы көлемі қазіргі медианалық жалақының 15 пайызынан да аз болуы мүмкін.
Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай елдегі зейнетақы жүйесін қайта қарау қажеттігін көрсетеді. Экономистер азаматтарға ерте бастан қосымша қаржылық жинақ қалыптастырудың маңызын да ескертіп отыр.
#Қазақстан #БЖЗҚ #зейнетақы #экономика #жинақ #қаржы #инфляция #Munarmedia #Астана