Бутаковка сарқырамасында жасөспірімдер әрекеті вандализм ретінде тіркеліп, тазалау жұмыстары жүргізілді

43


АСТАНА.18.05.2026.Munarmedia.kz – Бутаковка сарқырамасы маңында жасөспірімдер таста жазу қалдырып, табиғи нысанға зиян келтірген оқиға вандализм ретінде тіркелді. Бұл туралы Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі өкілдері хабарлады.

Ұлттық парк мәліметінше, тастарға жазылған жазбалар жедел анықталып, құқық бұзушылармен түсіндіру жұмыстары жүргізілген.


«Бутаковка сарқырамасы аумағындағы тастарға жазу қалдырылған вандализм фактісі тіркелді. Ұлттық парк қызметкерлері дереу түсіндіру жұмысын жүргізіп, табиғатты қорғау режимін бұзған тұлғаларды анықтау шараларын ұйымдастырды. Нәтижесінде “Gemini Education” білім беру орталығының оқушылары анықталды», – делінген хабарламада.

Оқиғадан кейін жасөспірімдерге щеткалар беріліп, олар өздері жазған есімдерді тастардан өшіруге міндеттелді. Аталған есімдердің қатарында Ернар, Әділ және басқа да жазбалар болған.


Сонымен қатар, олар табиғи нысанға келтірілген зиян үшін кешірім сұраған.

Ұлттық парк өкілдері табиғи аумақтардың ортақ қазына екенін еске салып, әрбір келушіден жауапкершілік пен ұқыптылықты талап ететінін атап өтті.

#Қазақстан #ІлеАлатауы #Бутаковка #Экология #Табиғат #Вандализм #Munarmedia