Ерлан Қожағапанов мерзімінен бұрын бостандыққа шықты

36

Munarmedia.kz 14.07.2026. ASTANA – Бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті хабарлады.

Ведомство мәліметінше, сот бұрынғы шенеуніктің өтелмеген екі айлық бас бостандығынан айыру жазасын айыппұл түріндегі жеңіл жазаға ауыстыру туралы шешім қабылдаған.

Еске салайық, Ерлан Қожағапанов 2025 жылдың мамыр айында Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыру кезінде қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланды деген айыппен 3 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Тергеу материалдарына сәйкес, ол Мәдениет және спорт вице-министрі қызметін атқарған кезеңде 2018 жылы өткен форумды ұйымдастыруға арналған шығыстар сметасын негізсіз ұлғайтылған көлемде бекіткен. Тергеу нұсқасы бойынша, бұл мердігер ұйымның заңсыз пайда табуына мүмкіндік берген.

Қылмыстық іс аясында мемлекетке келтірілген залал көлемі шамамен 1 млрд теңге деп бағаланған. Ерлан Қожағапанов 2024 жылдың наурыз айында ұсталып, оған ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдалану бабы бойынша айып тағылған еді.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, соттың қаулысына сәйкес жазаның өтелмеген бөлігі айыппұлмен алмастырылып, осыған байланысты бұрынғы вице-министр қылмыстық-атқару мекемесінен босатылды.

#Munarmedia #ASTANA #Қазақстан #ЕрланҚожағапанов #Сот #ҚАЖК #Заң #Құқық