Munarmedia.kz 26.05.2026. АСТАНА. — Elon Musk негізін қалаған SpaceX тарихтағы ең алып әрі ең қуатты зымыран саналатын Starship V3 ғарыш кемесінің алғашқы сынақ ұшуын сәтті жүзеге асырды. Бұл ұшырылым миллиардер кәсіпкер Илон Маскты әлемдегі алғашқы триллионер атандыруы мүмкін деген болжамдарды күшейтті.
АҚШ-тың Texas штатында жүзеге асқан ұшырылым жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 17:30-дан кейін басталған. Бұған дейін сынақ старттық мұнарадағы техникалық ақауға байланысты кейінге шегерілген болатын.
Ұшқышсыз басқарылатын Starship V3 ғарышқа 20 спутниктің макетін шығарып, кейін атмосфераға қайта енді. Шамамен бір сағаттан соң аппарат Үнді мұхитына қонып, жоспар бойынша жарылған.
Илон Маск әлеуметтік желідегі парақшасында SpaceX командасын құттықтап:
— «Starship V3-тің алғашқы ұшырылымы мен қонуы — адамзат үшін тарихи жетістік», — деп жазды.
Reuters агенттігінің мәліметінше, ұзындығы 124 метр болатын жаңа буындағы Starship V3 — адамзат тарихындағы ең ірі әрі ең қуатты зымыран. Бұл — SpaceX компаниясының 12-ші ұшырылымы және жаңа нұсқаның алғашқы дебюті.
Сынақ барысында зымыранның екі сатысында да қозғалтқыш ақаулары тіркелгенімен, миссия жалпы алғанда сәтті өтті. Сарапшылардың пікірінше, бұл нәтиже инвесторлардың сенімін арттырып қана қоймай, NASA-ның Ай мен Марсқа бағытталған болашақ миссияларына да серпін береді.
NASA басшысы Jared Isaacman:
— «Айға бір қадам жақындадық... Марсқа да тағы бір қадам ілгеріледік», — деп мәлімдеді.
Айта кетейік, SpaceX алдағы айларда ірі IPO өткізуге дайындалып жатыр. Компанияның нарықтық құны 1,25 триллион доллар деп бағалануда. Егер акциялар листингі сәтті өтсе, Илон Маск әлем тарихындағы байлығы 1 триллион долларға жеткен алғашқы адам атануы мүмкін.
#SpaceX #StarshipV3 #ИлонМаск #Ғарыш #NASA #Марс #АйБағдарламасы