АСТАНА. 09.05.2026. Munarmedia.kz – Италияның Өзбекстандағы бұрынғы елшісі Пьергабриэле Пападиа де Боттини ди Сант’Аньезе Ресей азаматтарына шенген визаларын заңсыз рәсімдеу ісі бойынша Римде қамауға алынды. Бұл туралы италиялық la Repubblica басылымы хабарлады.
Рим прокуратурасының мәліметінше, экс-дипломат өзінің көмекшісі Татьяна Таракановамен бірге Шенген аймағы талаптарына сәйкес келмейтін Ресей азаматтарына ұзақ мерзімді туристік визалар беруді ұйымдастырған.
Тергеу нұсқасы бойынша, мұндай визалардың құны 4 мыңнан 16 мың еуроға дейін жеткен. Ал ресми консулдық алым көлемі небәрі 45–60 еуро болған.
Іс материалдарында Мәскеудегі үш туристік агенттіктің — Happy Travel, Visa4you және Park Lane компанияларының аталған схемаға қатысы бар екені айтылған. Құжаттар осы агенттіктер арқылы Италияның Ташкенттегі елшілігіне жолданып отырған.
Тергеушілердің мәлімдеуінше, виза алғандардың бір бөлігі Өзбекстан аумағында тұрмаған, консулдыққа жеке келмеген және құжаттарды талаптарды бұза отырып тапсырған.
Тексеру Италия Сыртқы істер министрлігінің 2025 жылдың жазында жүргізген инспекциясынан кейін басталған. Аудит барысында визаларды рәсімдеуде жаппай заңбұзушылықтар анықталған.
Пьергабриэле Пападиа Италияның Өзбекстандағы елшісі қызметіне 2024 жылдың желтоқсанында тағайындалып, 2025 жылдың желтоқсанында қызметінен босатылған.
Қазіргі уақытта тергеу бұрынғы дипломаттың шамамен 3 миллион еуро тұратын мүлкінің шығу тегін де тексеріп жатыр. Оның өзі бұл қаражаттың мұрагерлік арқылы алынғанын мәлімдеген.
#Италия #Өзбекстан #Шенген #Виза #Ресей #Рим #СыбайласЖемқорлық #Munarmedia #ХалықаралықЖаңалықтар