Көкжиде: жерасты суы мен мұнай мүддесі тоғысқан аймақ

20

Munarmedia.kz 22.02.2026 / Астана Көкжиде — Қазақстандағы ең ірі жерасты тұщы су көздерінің бірі. Мамандардың бағалауынша, мұнда кемінде 1,5 миллиард текше метр ауызсу қоры бар. Бір кездері билік осы су көзінен Батыс Қазақстан өңірлерін толық қамтамасыз ету үшін арнайы су құбырын тарту мәселесін де қарастырған болатын.

Алайда дәл осы аумақта кеңестік кезеңде мұнай қоры да анықталып, өндіріс жұмыстары басталған. Қазір мұнда көмірсутек шикізатын Қытайдың China National Petroleum Company компаниясының еншілес құрылымы және тағы төрт жекеменшік компания өндіреді.

Жерасты суы мен мұнай қорының бір аумақта шоғырлануы ұзақ жылдардан бері қоғамда дау туғызып келеді. Қоғам белсенділері, жергілікті тұрғындар және экологтар мұнай өндіру барысында су қабаттарына мұнай өнімдері араласуы мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдіруде. Ал мұнай компаниялары «Көкжиде мәселесі» деген түсінікті жоққа шығарып, өндіріс экологиялық талаптарға сай жүргізіліп жатқанын алға тартады.

Осы тартыстың нәтижесінде биыл ақпан айында Үкімет мұнай өндіру жұмыстарын «өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау» шартымен жалғастыру туралы шешім қабылдады.

Көкжиде су бассейні маңындағы ахуалға қатысты пікір алу үшін журналистер мұнай компанияларының өкілдерімен, экологтармен және өңірдегі қоғам белсенділерімен тілдесті. Тараптардың ұстанымы әртүрлі болғанымен, барлығы да стратегиялық маңызы бар табиғи ресурстарды сақтаудың маңызын мойындайды.

Сарапшылардың айтуынша, Көкжиде мәселесі — тек бір өңірдің ғана емес, елдің су қауіпсіздігіне тікелей қатысты стратегиялық мәселе. Сондықтан ашықтық, тәуелсіз экологиялық мониторинг және қоғамдық бақылау — алдағы кезеңдегі басты талаптардың бірі болмақ.