ЛОС-АНДЖЕЛЕС, 2025 жылғы 23 қаңтар /AFP/. Сәрсенбі күні Лос-Анджелестің солтүстігінде жаңа орман өрті тұтанып, қысқа уақыт ішінде тарап, өрттен зардап шеккен аймақтағы мыңдаған адамға басқа жерге көшуге кеңес берілді. Күшті өрт Кастаик көлінің маңындағы тау бөктеріне жайылып, екі сағат ішінде 2000 гектар аумақты шарпыды. Құрғақ әрі қатты жел жағдайды қиындатуда.
Төтенше жағдайға байланысты Лос-Анджелестен 56 шақырым жерде орналасқан Санта-Кларита қаласының маңындағы көлдің айналасында тұратын 19 мың адамға көшу туралы ұсыныс жасалды.
Жақында аймақта екі үлкен өрт салдарынан 20-дан астам адам қаза тауып, мыңдаған ғимарат бүлінген еді. Осы кезде Лос-Анджелес аумағында тағы да өрт пайда болды. Аймақтық полиция қызметкері Роберт Дженсен жаңа өрт шыққан аумақта тұратындардың бәріне шұғыл түрде көшу керектігін ескертті.
"Палисейдс пен Итон өрттері кезінде адамдар көшу бұйрығын орындамағандықтан, ауыр шығынға ұшырағанын бәріміз көрдік. Тағы да осындай жағдайдың болғанын қаламаймыз. Егер көшу туралы ұсыныс алсаңыз, оны орындаңыз", — деді ол.
Кастаик көлі аумағында 4700 тұтқыны бар төрт түрме орналасқан, деп хабарлады Америка азаматтық құқықтар одағы. Өртті сөндіру үшін тікұшақтар мен ұшақтар арқылы су шашылып жатыр. Өрттің шығу себебі әлі анықталмаған, бірақ синоптиктердің айтуынша, қатты жел мен құрғақшылық өрттің тез таралуына ықпал етеді.