Munarmedia.kz 02.05.2026. ASTANA. Қазақстан мен Украинаның құқық қорғау органдары бірлескен арнайы операция барысында Одесса қаласында әрекет еткен ірі алаяқтық call-орталықтың қызметін әшкерелеп, оның жұмысын тоқтатты. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Тергеу мәліметінше, қылмыстық топтың мүшелері 120-дан астам қазақстандықты алдап, жалпы көлемі 85 миллион теңгеден асатын материалдық шығын келтірген.
Алаяқтар өздерін банк қызметкерлері мен құқық қорғау органдарының өкілдері ретінде таныстырып, азаматтардың сеніміне кірген. Олар қазақстандықтарды ұялы телефондарына зиянды бағдарламалар орнатуға көндіріп, кейін жеке деректеріне қол жеткізіп, қаржысын заңсыз иемденген.
Арнайы операция нәтижесінде Украинаның 9 азаматы ұсталды.
Тінту барысында құқық қорғаушылар:
▫️ жоғары санаттағы екі автокөлікті;
▫️ 26 компьютерді;
▫️ 49 ұялы байланыс құрылғысын;
▫️ психологиялық ықпал ету әдістері мен алаяқтық сценарийлері жазылған нұсқаулық материалдарды;
▫️ Қазақстан Республикасының рәміздерін тәркіледі.
Қазіргі уақытта тергеушілер ұсталған азаматтардың Қазақстанда және өзге мемлекеттерде жасалған басқа да интернет-алаяқтық фактілеріне қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.
Мамандар азаматтарды белгісіз тұлғалардың қоңырауларына сақтықпен қарап, күмәнді сілтемелер мен қосымшаларды жүктемеуге шақырады.
#Одесса #Алаяқтық #Киберқылмыс #Қазақстан #Украина #ІІМ #ИнтернетАлаяқтық #Қауіпсіздік #Munarmedia