Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Пәкістан Үндістанға қарсы әскери операция басталғанын жариялады: ядролық қару жайлы елдер не дейді

44


Екі тарап арасындағы артиллериялық атыстар мен әуе шабуылдарының салдарынан кемінде 48 адам қаза тапты. Оның ішінде 19-ы — Үндістан бақылауындағы Кашмирде, 17-сі — Пәкістан аймақтарында.

🗣 Не болды?

AP News агенттігінің хабарлауынша, Пәкістан Үндістанды Исламабад маңындағы стратегиялық маңызы бар «Нур Хан» әуе базасы да бар бірнеше нысанға зымырандық соққы жасады деп айыптап, ауқымды әскери операция басталғанын мәлімдеді.

🗣 Жағдайдың жай-жапсары

BBC деректеріне сүйенсек, Үндістан армиясы Пәкістанның шекара маңына әскер шоғырландырып жатқанын хабарлады. Бұл әрекет Үндістан тарапынан "қақтығысты ушықтыру мақсатындағы шабуылға дайындық" ретінде бағалануда. Елдің қарулы күштері жоғары жауынгерлік дайындық режиміне көшкен.

🗣 Ядролық қару қолданыла ма?

Пәкістанның қорғаныс министрі Хаваджа Асиф қазіргі уақытта ядролық қару қолдану жоспарда жоқ екенін, алайда жағдай талап етсе, бұл мүмкіндікті де жоққа шығаруға болмайтынын мәлімдеді. Dawn басылымының жазуынша, министрдің айтуынша, мұндай соққы тек өңірге ғана емес, халықаралық қауымдастыққа да әсер етуі мүмкін.

🗣 Қақтығыстың алғышарты

Қарулы текетіреске түрткі болған жағдай — 22 сәуір күні Үндістанның Пахалгам қаласында болған теракт. Оқиға салдарынан 26 турист қаза тапқан. Үндістан бұл шабуылды пәкістандық содырлар жасады деп айыптағанымен, Исламабад мұны теріске шығарды.

Осыған жауап ретінде Үндістан Инда өзеніне қатысты келісімді тоқтатып, шекара өткелдерін жапты. Ал Пәкістан 1972 жылғы Симла келісімінің күшін жойды және үнділік әуе компанияларына өз әуе кеңістігін жапты.

🗣 Қазақстанның ұстанымы

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленістің ушығуына алаңдаушылық білдіріп, тараптарды барлық қайшылықты тек бейбіт және дипломатиялық жолмен шешуге шақырды.