АСТАНА. MUNARMEDIA.KZ-Павлодарда зорланып бала тапқан 12 жасар қыз туралы сүйінші сұрағандайбарлық ақпарат агенттіктерінің жарыса жазғанына таң қалмаған адам жоқ. Ал мақаланы жазған журналистің сауатсыздығына таң қалдым.
12 жастағы кәмелеттік жасқа толмаған бала зорланды. Бала тапты. Оған дейін мектеп әкімшілігі құзырлы органдарға хабарлап, тиісті шара қолданудың орнына баланы ауруханаға жатқызып, шара қолдандық дегені қай сасқаны?
Екіншіден, журналистің жәбір көрген отбасының қайдан көшіп келгені, олардың оқымағандығы туралы жазуының орын алған қылмыстық іске қандай қатысы бар? Бұл жазбасымен журналист Монғолиядан келгендердің барлығы сауатсыз дегенге сайып тұр ма? Дүйім елге қара күйе жағатындай сенсация ойлап тапқан сауатсыз журналист кімнің сойылын соғып жүр? Ал Павлодар облысының әкімдігі тіпті қатырды. 2020 жылы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қандастарға осы жетеді деп бөлген 700 мың тенге квотасын біз көмек бердік деп соқты. Мұндай сауатсыздар тұрғанда Қазақстан қалай дамиды?
Ал Павлодардағы балалар құқын қорғайтын омбудсмен оның әлеуметтік жағдайы төмен екенігіне тоқталды да қойды. Ал зорланған баланың құқын кім қорғайды? Сот, прокуратура органдары қайда қарап отыр? Туысы зорлапты. Енді араласпайды деген не сөз? Бала зорланды. Педофилиялық қылмыс жасалды. ҚР қылмыстық заңдылығы бойынша жауапқа тартылмай ма? Әлде кәмелетке толмаған балаларды зорлап, аяғын ауыр ғып тастап араласпай жүре береміз бе? Президенттің "Әділетті Қазақстан" құрамыз деген бастамасын Павлодар облысының әкімі, ішкі істер департаментінің басшылығы, білім басқармасы мен бала құқын қорғау жөніндегі өкілі осылай орындап жатыр ма?
Жасалған қылмысты жылы жауып, кінәні ата-анасының әлеуметтік жағдайына аудара беретін болсақ. Қазақстанның жартысы сондай жағдайда өмір сүретіні өтірік емес. Қандай да жағдай болмасын, ҚР Бас прокуроры Б.Асыловтан, Ішкі істер министрі Е.Сәденовтен, оқу ағарту министрлігінен әділдік орнатуды талап етеміз.