Қазақстан мен Әзірбайжан бірлесіп Каспийдің түбін тереңдету жұмыстарын бастамақ

21

АСТАНА. 08.05.2026. Munarmedia.kz — Қазақстан мен Әзербайжан Каспий теңізінде бірлесіп түбін тереңдету  жұмыстарын жүргізуге келісті. Жоба Транскаспий халықаралық көлік бағытының өткізу қабілетін арттыруға бағытталған.

Бұл туралы сала мамандары хабарлап, жұмыстардың негізгі мақсаты Ақтау–Баку–Тбилиси–Джейхан көлік дәлізі бойынша жүк тасымалын жеңілдету екенін атап өтті.

Жоспарға сәйкес, бастапқы кезеңде жұмыстар Әзербайжан аумағында басталады. Одан кейін түп тереңдету шаралары Қазақстан тарапынан жүзеге асырылады.

Каспий теңізінің тартылуы соңғы жылдары аймақ елдері үшін маңызды экологиялық және экономикалық мәселеге айналып отыр. Су деңгейінің төмендеуі ірі танкерлер мен жүк кемелерінің қозғалысына кедергі келтіріп, порттардың жұмыс тиімділігіне әсер етуде.

Бұған дейін жарияланған деректерге сәйкес, 2006–2024 жылдар аралығында Каспий теңізінің деңгейі шамамен 2 метрге төмендеген. Қазіргі көрсеткіш бойынша теңіз деңгейі Дүниежүзілік мұхиттан 29 метр төмен орналасқан, бұл соңғы онжылдықтардағы ең төмен тарихи деңгейлердің бірі ретінде бағалануда.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан мен Әзербайжанның бірлескен инфрақұрылымдық жобалары Каспий арқылы өтетін халықаралық транзиттің тұрақтылығын сақтауда маңызды рөл атқарады.

#Қазақстан #Әзербайжан #Каспий #Логистика #ТранскаспийБағыты #АктауБаку #Экология #MunarmediaKz