Munarmedia.kz 25.03.2026 /Astana/ – Ел Visual Capitalist сарапшылары әзірлеген жаңа тізімде әлемдегі ең ірі 40 экономиканың қатарына енді.
Жаңартылған деректерге сәйкес, Қазақстан 36-орынға тұрақтап, ішкі жалпы өнімі (ІЖӨ) сатып алу қабілетінің паритеті бойынша 973 млрд долларға жеткен. Бұл көрсеткіш ел экономикасын Сингапур мен Румыния арасындағы деңгейге орналастырып, Біріккен Араб Әмірліктері, Нидерланд және Оңтүстік Африка Республикасымен шамалас санатқа қосты.
Орталық Азия өңірінде Қазақстан бұрынғысынша көшбасшы орнын сақтап отыр.
Сарапшылар рейтингті есептеу барысында сатып алу қабілетінің паритеті (PPP) көрсеткішін пайдаланған. Бұл әдіс валюталардың айырбас бағамына ғана емес, ел ішіндегі нақты баға деңгейіне, яғни тауарлар мен қызметтердің қолжетімділігіне негізделеді.
Жалпы алғанда, қазіргі таңда әлемдік экономика көлемі шамамен 219 трлн долларды құрайды. Оның жартысына жуығы Азия елдерінің үлесінде. Ал негізгі экономикалық көшбасшылар қатарында Қытай, АҚШ және Үндістан бар.
#Munarmedia #Astana #Қазақстан #Экономика #Рейтинг #ІЖӨ #PPP #ОрталықАзия