Munarmedia.kz. 02.11.2026/ASTANA/-Қазақстанда телефон арқылы жасалатын алаяқтықпен күрес күшейтілді. Нәтижесінде 1,6 миллионнан астам алаяқтық қоңырау бұғатталып, жалпы сомасы 389 миллион теңгені құрайтын 766 несиенің рәсімделуіне жол берілмеді.
Алдын алу шараларының нәтижесінде алаяқтық оқиғаларының саны 20 пайызға, ал киберқылмыстар 22 пайызға азайған.
Сонымен қатар балалар мен ата-аналарға психологиялық қолдау көрсету жұмыстары жүргізілуде. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 17 мыңға жуық бала мен 9 мың ата-ана психологиялық көмек алған.
Жасөспірімдерге қолдау көрсету және олардың құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 500 мектеп пен колледжде тәлімгерлік бағдарламасы ұйымдастырылған. Оның аясында прокуратура мен полиция органдарының ардагерлері жасөспірімдерге бағыт-бағдар беріп, өмірлік тәжірибелерімен бөлісуде.
Аталған шаралар азаматтарды интернет және телефон алаяқтарынан қорғауға, балалардың психологиялық саулығын нығайтуға және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
#Қазақстан #Киберқауіпсіздік #Алаяқтық #БалаларҚауіпсіздігі #ПсихологиялықКөмек #MunarMedia