АСТАНА.23.05.2026.Munarmedia.kz – Қазақстанда бірнеше миллиард теңгенің айыппұлын есептен шығару мәселесі қарастырылып жатыр. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі әкімшілік рақымшылық туралы заң жобасын жұмысқа қабылдады.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция қабылданғаннан кейін азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін бірқатар әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша рақымшылық жүргізілетінін мәлімдеген болатын.
Алдын ала мәлімет бойынша, рақымшылық негізінен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі салған айыппұлдарға қатысты болуы мүмкін. Оның басым бөлігі жол қозғалысы ережелерін бұзумен байланысты.
Сонымен қатар ауыр құқық бұзушылықтар рақымшылыққа ілінбейді. Атап айтқанда, қызыл жарыққа өту, жылдамдықты шамадан тыс асыру және мас күйде көлік жүргізу бойынша салынған айыппұлдар күшінде қалады.
Ал қауіпсіздік белдігін тақпау және көлік тізгінінде телефон пайдалану сияқты әкімшілік құқық бұзушылықтарға салынған айыппұлдарды есептен шығару мәселесі қарастырылып жатқаны айтылды.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай бастама азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтуға бағытталғанымен, жол қозғалысы мәдениетіне кері әсер етпеуі үшін теңгерімді тәсіл қажет.
#Қазақстан #Айыппұл #Рақымшылық #ЖКО #Мәжіліс #Тоқаев #ІІМ #Заң #Munarmedia