Munarmedia.kz 19.02.2026 /Астана/- Бұл туралы Үкімет басшысы – Олжас Бектенов мәлімдеді. Оның айтуынша, жергілікті басқару жүйесін жетілдіру мақсатында ауыл әкімдерінің өздеріне тән емес бірқатар функцияларын қысқарту жоспарланып отыр.
Жүргізілген талдау нәтижесінде ауылдық округ әкімдерінің құзыретінен 11 міндетті алып тастау ұсынылған. Атап айтқанда, жазасын өтеп шыққан азаматтарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, жекелеген әкімшілік құқықбұзушылық істерін қарау, төсек тартып жатқан науқастарды тасымалдауды ұйымдастыру секілді міндеттер жергілікті атқарушы орган басшысының негізгі қызметтік аясынан тыс деп танылған. Сарапшылардың пікірінше, бұл функциялар тиісті салалық құрылымдардың құзыретіне берілуі тиіс.
Үкімет бұл өзгерістер арқылы ауыл әкімдерінің жұмысын нақтылап, олардың негізгі міндеті – елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге басымдық беруді көздеп отыр. Ауыл инфрақұрылымын дамыту, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, жергілікті бюджет қаражатын тиімді пайдалану және қоғаммен кері байланысты күшейту – басты назарда болмақ.
Тиісті түзетулер «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға енгізіледі. Реформаның негізгі мақсаты – басқару жүйесіндегі артық жүктемені азайтып, жауапкершілік пен тиімділікті арттыру. Бұл бастама ауылдық деңгейдегі мемлекеттік басқарудың сапасын көтеруге және әкімдердің стратегиялық міндеттерге көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді деп күтілуде.