Munarmedia.kz. 30.10.2026. ASTANA —Астанада «Nomadgames», «Sultangames» заңсыз интернет-казинолары мен олардың көшірме сайттарының жұмысын қамтамасыз еткен адамдар тобына қатысты тергеу аяқталды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) хабарлады.
Заңсыз ойын платформаларына қатысушылардан ақша қабылдау үшін төлем ұйымдары, банк терминалдары, электрондық әмияндар және криптовалюта құралдары пайдаланылған.
Тергеу материалдарына сәйкес, бұл схемаға банк саласының өкілдері де қатысқан. Олар төлем инфрақұрылымын қосуға және міндетті тексерулерді жүргізбей-ақ келісімшарттар жасауға көмектескен. Төлемдердің нақты мақсатын жасыру үшін қаржылық операциялар заңды букмекерлік және басқа да коммерциялық қызметтердің атынан жүргізілген.
Банк терминалдары арқылы 188 млрд теңгеден астам операция жасалған.
Тергеу нұсқасы бойынша, заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыру үшін схемаға қатысушылар өз бақылауындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестікті (ЖШС) пайдаланған. Жалған келісімшарт негізінде оның есепшотына 10 млрд теңге түскен.
Кейін бұл қаражат криптовалютаға айырбасталып, күдіктілердің криптоәмияндарына аударылған. Тергеушілер жалпы сомасы 19 млн USDT болатын цифрлық активтердің қозғалысын анықтаған.
Соттың санкциясымен үш пәтерге, алты автокөлікке, сондай-ақ банк шоттарындағы ақша мен криптоактивтерге тыйым салынған. Олардың жалпы құны 1,4 млрд теңгені құрайды.
Іс бойынша үш күдікті қамауға алынған. Тағы үш адам кепілмен босатылған. Екі адамға елден кетпеу және тиісті мінез-құлық сақтау туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.
#Munarmedia #Қазақстан #Астана #ҚМА #ИнтернетКазино #ҚаржылықҚылмыс #Криптовалюта