Қазақстанда ғылымға бөлінген миллиардтар тиімсіз жұмсалған

https://bes.media/
58

Munarmedia.kz-11.11.2026ж/Астана/-Қазақстанда ғылыми зерттеулерге бөлінген қыруар қаржы күткен нәтиже бермеген. Бірқатар жобаның нәтижесі расталмаған, ғылыми жаңалықтар өндіріске енгізілмеген. Ал жер қойнауын пайдаланушылардан ғылымға аударылуға тиіс миллиардтаған теңге банктердің депозиттері мен бағалы қағаздарға орналастырылған.

Бұл мәселелер Жоғары аудиторлық палатаның 2021–2025 жылдар аралығында ғылымды қаржыландыруға жүргізген аудитінде анықталған. 11 қарашада Құрылтай депутаттарына осы тексерудің қорытындысы ұсынылмақ.

241,9 млрд теңгенің жұмсалуы тексерілді

Аудит тоғыз мемлекеттік орган мен ұйымның қызметін қамтыған. Олардың қатарында Ғылым және жоғары білім министрлігі, Ғылым комитеті, Ғылым қоры, Ұлттық ғылым академиясы, Astana Hub және «Самғау» қоры бар.

Тексеру нәтижесінде:

  • 50,9 млрд теңгеге қаржылық заңбұзушылық анықталған;

  • 41,5 млрд теңге тиімсіз пайдаланылған;

  • 5,5 млрд теңгенің жұмсалуы тиімсіз жоспарланған;

  • 15,9 млрд теңге көлемінде ықтимал шығын мен алынбаған пайда анықталған;

  • 230 рәсімдік заңбұзушылық пен 69 жүйелі кемшілік тіркелген.

Ғылыми жобалардың нәтижесі расталмаған

Аудиторлар жалпы құны 16,2 млрд теңге болатын 176 ғылыми жоба бойынша түпкілікті нәтижелердің орындалғанын растай алмаған. Кейбір жобалардың есептері қабылданбаған, енді біреулері қажетті құжаттарды тапсырмағандықтан тоқтатылған.

Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясындағы 20 конкурс бойынша 393 ғылыми тапсырманың 149-ы орындалмаған. Оларға бөлінген қаржы көлемі 67 млрд теңгеге жуық.

Кейбір ғылыми ұйымдар нақты алынған патенттің орнына патентке өтінім берген. Ғылыми мақала жариялаудың орнына журналдардың оны баспаға қабылдағаны туралы хабарламаларын ұсынған.

Аудит ғылыми зерттеулердің нәтижелері өндіріс пен экономикада қаншалықты қолданылып жатқанын бақылау жүйесі жеткіліксіз екенін көрсеткен.

Ғылыми гранттарды бөлуде мүдделер қақтығысы анықталған

Ұлттық ғылыми кеңестердің 225 мүшесінің 84-і қаржыландырылған 127 ғылыми жобаға қатысқан. Бұл жобаларға жалпы 52,4 млрд теңге бөлінген. Кеңестің 27 мүшесі бір мезгілде ғылыми жобаларды да басқарған.

Аудиторлар мұны мүдделер қақтығысының елеулі тәуекелі деп бағалаған.

Бұған қоса, сарапшылар кейбір жобалардың бюджетін қысқартуды ұсынғанына қарамастан, ғылыми кеңестер 545 жобаға бастапқы сұралған қаржыны толық көлемде мақұлдаған.

Ғылыми жаңалықтардың басым бөлігі нарыққа шықпаған

Ғылым қоры қаржыландырған 141 аяқталған жобаның жалпы құны 31,5 млрд теңге болған. Алайда соңғы үш жылда тұрақты сатылымға қол жеткізгені небәрі 38 жоба немесе 26,9 пайыз.

Қалған 103 жобаға бөлінген 22,5 млрд теңге күткен нәтижені бермеген.

Ғылым қоры ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру деңгейі 43,6 пайызға жеткенін мәлімдеген. Бірақ аудиторлар есептеудің дұрыс жүргізілмегенін анықтап, көрсеткішті қайта есептегенде оның 15,7 пайыз ғана болғанын көрсеткен.

Ғылымға арналған ақша депозиттерде жатқан

Аудиттің ең назар аударарлық тұстарының бірі – жер қойнауын пайдаланушылардың ғылымға аударған қаражатының жұмсалу тәртібі.

Заң бойынша, жер қойнауын пайдаланушылар ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) қаражат бөлуге міндетті.

Алайда осы қаржыны басқарған ұйымдар ақшаның жартысынан астамын банк депозиттері мен бағалы қағаздарға орналастырған.

  • Astana Hub 22,9 млрд теңгені, яғни түскен қаржының 53,7 пайызын депозиттер мен бағалы қағаздарға салған.

  • «Самғау» қоры 10,2 млрд теңгені немесе түсімнің 67,1 пайызын осындай мақсаттарға орналастырған.

Осы қаражаттан Astana Hub 12,8 млрд теңге, ал «Самғау» қоры 1,6 млрд теңге пайыздық табыс алған.

Сонымен бірге ғылыми жобаларды қаржыландыру кешіктірілген. Astana Hub-та ақша аудару мерзімі 215 күнге дейін созылса, «Самғау» қорында кейбір жағдайларда екі жарым жылдан асқан.

Astana Hub 26,1 млрд теңгенің 136 жобасын, ал «Самғау» қоры 11,1 млрд теңгенің 42 жобасын бәсекелестік рәсімдерін өткізбей орындаушыларға берген.

Бұдан бөлек, Astana Hub арқылы ғылыми қызметке қатысы жоқ 870 млн теңгенің он жобасы қаржыландырылған. Бұл қаражат ғылыми зерттеулерге емес, жобалау, жөндеу және құрылыс сияқты шаруашылық жұмыстарына жұмсалған.

Жер қойнауын пайдаланушылардың 10,2 млрд теңге қарызы бар

Аудит барысында жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға аударуға тиіс 10,2 млрд теңге қарызы бары анықталған.

Оның 9,6 млрд теңгесі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, ал 581,7 млн теңгесі Энергетика министрлігінің бақылауындағы міндеттемелерге тиесілі.

Мемлекеттік органдар қарыздарды уақытында тексермеген, ескерту хабарламаларын кешіктірген және берешекті өндіріп алу шараларын толық қолданбаған.

Соның салдарынан 3,2 млрд теңге бойынша талап қою мерзімі өтіп кеткен. Жоғары аудиторлық палата мұны бюджет шығынына жатқызған.

Ғылымға бөлінетін қаржы өскенімен, нәтиже аз

Қазақстанда ғылыми-зерттеу жұмыстарына жұмсалатын ішкі шығын 2021 жылғы 109,3 млрд теңгеден 2025 жылы 261,5 млрд теңгеге дейін өскен.

Алайда бұл шығындардың жалпы ішкі өнімдегі үлесі небәрі 0,13 пайыздан 0,16 пайызға көтерілген.

2025 жылы ғылымды қаржыландырудың 81,5 пайызы бюджет есебінен қамтамасыз етілсе, шетелдік инвестициялардың үлесі 0,3 пайыз ғана болған.

Сонымен қатар тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың ғылымға жұмсалған жалпы шығындардағы үлесі 2022 жылғы 12,8 пайыздан 2025 жылы 4,7 пайызға дейін төмендеген.

Аудиторлар қандай шара ұсынды?

Тексеру барысында мемлекеттік органдар анықталған заңбұзушылықтардың бір бөлігін жойған. Нәтижесінде 37,8 млрд теңге қалпына келтіріліп, қосымша 19,1 млн теңге бюджетке өтелген.

Жоғары аудиторлық палата ғылыми зерттеулерді қаржыландыру тәртібін қайта қарауды, ғылыми әзірлемелердің өндіріске енгізілуін бақылауды күшейтуді және жосықсыз сарапшылар мен ғылыми жоба жетекшілерінің тізілімін жасауды ұсынған.

Сондай-ақ Үкіметке ҒЗТКЖ қаржыландыру тетігінің өзгеруіне байланысты Astana Hub пен «Самғау» қорының алдағы қызметін қайта қарау ұсынылған.

Ұйымдардың шоттарында жатқан жер қойнауын пайдаланушылардың қаражатын әрі қарай қалай пайдалану мәселесін де шешу қажет.

#Қазақстан #Ғылым #Аудит #Бюджет #AstanaHub #ҒылымиЗерттеулер #Қаржы

дереккөз: https://bes.media/