Қытайдан Ауғанстанға жүк тасымалдауға арналған жаңа теміржол маршруты іске қосылды. Қазақстан мен Өзбекстан арқылы өтетін бұл бағыт аймақтық сауданы жандандыруға септігін тигізеді.
Бүгін Чунцин қаласынан телекоммуникациялық құрал-жабдықтар мен басқа да тауарлар тиелген жүк пойызы жолға шықты. Ол Ауғанстанға шамамен 12-15 күнде жетеді.
Бұл – Чунциннен Ауғанстанға тікелей қатынайтын алғашқы теміржол желісі, ол Қазақстан мен Өзбекстан аумағы арқылы өтеді.
Жолға шыққан жүк құрамында China Telecommunication Company (ZTE) өндірген байланыс құралдары бар. Олар Ауғанстанның телекоммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
Жаңа бағыттың тиімділігі
China Telecommunication Company өкілі Лю Цзяньфэн:
"Тікелей теміржол маршрутының арқасында жүк жеткізу уақыты үш-бес күнге қысқарады. Сонымен қатар, логистикалық шығындар 15-20%-ға төмендейді."
Yuxin’ou логистикалық компаниясының атқарушы директоры Сюй Жуньцю:
"Чунциннен Ауғанстанға жүк тасымалдаудың жаңа бағыты – Орталық Азия елдерімен экономикалық және сауда байланысын нығайтудың маңызды қадамы."
Чунцин – жаңа сауда хабы
Соңғы жылдары Чунцин Қытайдың негізгі сауда орталықтарының біріне айналды. Бұл аймақта Қытай – Еуропа жүк пойыздарының саны артып, Орталық Азия бағытындағы тасымал көлемі еселеп өсіп келеді.
Бүгінде Чунциннен 50-ден астам тұрақты маршрут бойынша 18 000-нан аса жүк пойызы жолға шыққан. Олар Еуропа мен Орталық Азияның 100-ден астам қаласын қамтып, стратегиялық сауда дәлізіне айналды. 2011 жылы наурыз айында Чунциннен Германияның Дуйсбург қаласына алғашқы Қытай – Еуропа (Юсиньоу) жүк пойызы жөнелтіліп, Қытай мен Еуропа арасындағы тікелей жерүсті сауда жолы қалыптасты.
📷 Фото: Ашық дереккөздер