20 шілдеде Үрімшіден шыққан бойжеткен бүгін Астанаға табан тіреді.Бүрлен Әділетқызы ҚХР, Тарбағатай аймағы, Дүрбілжін ауданы, Желағаш ауылында дүниеге келген. 20 жастағы Бүрлен 2300 шақырымды артқа тастаған. Бұл аралықты 23 күнде жүріп өткен.
«Мақсатым «Бір белдеу, бір жол» жобасын насихаттау болды. Бұл жобаға 10 жыл толып отыр. Визасыз режим болғандықтан екі ел арасындағы татулық пен достықты насихаттағым келді. Бастапқыда ата-анам, жақындарым амандығым үшін алаңдап, сапарға шығуыма қарсы болды. Бірақ мақсатымды білген соң барлығы мені қолдады. Қазақстанға алғаш рет тоғыз жыл бұрын, яғни 11 жасымда келгенмін. Ал Астанаға бірінші рет келіп тұрмын. Велосипедпен келемін деп өзім де ойламағанмын. Жолда қиналғаным жоқ, тек температурам көтеріліп, тісім ауырған кезде ғана қиналдым. Велосипедпен шығып отырған алғашқы саяхатым. Әуелде жуан дөңгелекпен шыққанмын. Бірақ ол баяу жүретіндіктен жіңішке дөңгелекке ауыстырдым. Жолда тас, әйнек кіріп, доңғалағым жарылып, шынжырым істен шықққан кездер болды. Бәрін өзім жөндеп алдым. Таңғы бестерде шығып, түнде аялдап отырдым. Жолға шығардан бұрын бірнеше ай дайындалдым. Жолға өз қаражатыммен шықтым. Менің Қазақстанға бет алғанымды естіп, жолда көмектескен жандар болды»-дейді Бүрлен.Қаншама шақырымды артқа тастап, Атажұртына келген Бүрленді астаналықтар қошаметпен қарсы алды. Шашу шашып, қымыз ұсынды. Дәстүрлі әншілер ән шырқады.
Биыл жоғары оқу орнын бағдарлама жасақтаушы мамандығы бойынша тәмамдаған қаракөз қызымыз болашақта саяхатын жалғастырғысы келетінін де, елге қоныс аудару жоспары бар екенін де жеткізді. Сәттілік тілейміз!