Munarmedia.kz | 02.10.2025 / Астана 30 қыркүйек күні Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров халыққа арнайы үндеу жасап, ел ішіндегі саяси процестерге, соның ішінде Жогорку Кенештің мерзімінен бұрын таратылуына және болашақтағы президент сайлауына қатысты пікір білдірді.
"Парламент өзін өзі тарату туралы шешімді өз еркімен қабылдады" — деді Жапаров. Мемлекет басшысы бұл қадамды "мемлекеттің ұзақ мерзімді тұрақтылығы үшін жасалған батыл шешім" деп бағалады және депутаттарға алғыс айтты.
Алайда қоғамда бұл әрекетті алдағы президенттік сайлауға дайындық ретінде бағалап жатқан саясаткерлер мен оппозициялық топтар бар. Бұл пікірлерге жауап ретінде Садыр Жапаров былай деді:
"Құрметті отандастар! Мен бірде-бір депутаттан парламентті тарату туралы ұсыныс жасауын сұраған жоқпын. Бес жыл бұрын халықтың 80 пайызының қолдауымен сайландым. Егер келесі сайлауға түссем, бұл жолы 90 пайызбен өтетініме сенімдімін. Себебі халықтың қолдауы бұрынғыдан да арта түсті", — деді Жапаров.
Алайда оның "80% қолдауға ие болдым" деген мәлімдемесі нақты статистикалық деректермен үйлеспейді. Қырғызстанның Ұлттық статистика комитетінің дерегінше, 2021 жылы ел халқы 6,6 миллионға жеткен. Соның ішінде 3,5 миллионы ғана — дауыс беру құқығы бар азаматтар (ОСК дерегі, 2021 жылғы қаңтар). Ал 2021 жылғы президенттік сайлауға қатысу көрсеткіші небәрі 39,75%-ды құраған. Яғни Жапаровқа дауыс бергендердің 79,2%-ы — тек сайлауға келгендердің ішіндегі үлес қана, бүкіл халықтың емес.
Екінші мерзімге жол ашық
Садыр Жапаровтың президенттікке қайта түсуі жайлы ақпараттар биылғы жылдың басынан-ақ белгілі бола бастаған. 2024 жылдың басында Үкімет төрағасының орынбасары Эдиль Байсалов:
"Конституция рұқсат етіп тұрғанда, ол бұл жолды жартылай тастап кете алмайды. Халықтың өзі мұндайға жол бермейді. Халықтың үміті бар, алдағы үш жылда ол үлкен жетістіктердің куәсі болады", — деп мәлімдеген болатын.
Парламенттік және президенттік сайлау — күнтізбеде
Жогорку Кенеш депутаттарын кезектен тыс сайлау 2025 жылдың 30 қарашасына белгіленді. Бұл жолғы сайлау жаңа жүйемен өтеді: елдегі 30 сайлау округінде азаматтар әрқайсысынан үш депутат сайлайды. Осы үш мандаттың біреуі әйелдерге міндетті түрде берілуі тиіс.
Ал Қырғызстан президентін сайлау 2027 жылдың қаңтар айының соңына жоспарланған.
📸 Фото: ашық дереккөздерден