Самарқандта шенеунік баласын «Алые парусаға» жіберіп, қызметінен айырылды

30

Munarmedia.kz 18.02.2026 / Көкшетау Өзбекстанның Самарқанд облысында қызметтік дау туындап, жоғары лауазымды шенеунік жұмысынан босатылды. Ол дарынды оқушылардың орнына Санкт-Петербургтегі «Алые паруса» фестиваліне өз баласын және туыстарын жібергені үшін жауапқа тартылды.

Аталған сапарға негізінен оқу озаттары, халықаралық және республикалық олимпиада жеңімпаздары, үздік көрсеткіш көрсеткен дарынды түлектер іріктелуі керек болған. Алайда тексеріс барысында қатысушылар тізіміне лауазымды тұлғаның жақын туыстары енгізілгені анықталды.

Мониторинг нәтижесінде Самарқанд облыстық мектепке дейінгі және мектеп білім басқармасының басшысы Музаффар Хамдамовтың ұлы мен жиені, сондай-ақ басқарманың өзге қызметкерлерінің балалары фестивальге барғаны белгілі болды.

Тексеруді Өзбекстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі жүргізді. Ведомство шенеуніктің әрекетін тікелей мүдделер қақтығысы және қызметтік өкілеттікті жеке мақсатта пайдалану деп бағалады.


Image

Нәтижесінде Музаффар Хамдамов атқарып отырған қызметінен босатылды.

Хабарланғандай, сапарға заңсыз енгізілген үш баланың ата-аналары мемлекет шығындарын толық өтеген. Жалпы бюджетке 28 млн сум қайтарылған. Оның елеулі бөлігін бұрынғы басқарма басшысы өзі төлегені айтылды.

Бұл оқиға Өзбекстанда мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын талаптың күшейіп отырғанын көрсетеді. Сарапшылардың пікірінше, дарынды балаларға арналған мүмкіндіктердің әділ бөлінуі – білім беру жүйесіндегі сенімнің негізгі шарты.

Мұндай жағдайлар қоғамда ашықтық пен есептілік мәдениетін қалыптастырудың маңызын тағы бір мәрте айқындайды.

Munarmedia.kz аймақтағы қоғамдық-саяси оқиғаларды назарда ұстайды.