ВАШИНГТОН, 2025 жылғы 2 сәуір /CNN/. АҚШ сенаторы Кори Букер Сенат залында екі күн бойы сөз сөйлеп, Президент Дональд Трамп әкімшілігінің америкалық қоғамға тигізіп жатқан зияны туралы ескерту жасады.
Нью-Джерси штатынан Сенатқа сайланған Демократиялық партия мүшесі ол 25 сағат 4 минут бойы сөз сөйлеп, Сенат тарихындағы ең ұзақ сөз сөйлеу рекордын жаңартты. Бұған дейін сенатор Стром Турмонд 1957 жылы 24 сағат 18 минуттық сөз сөйлеп, рекорд орнатқан болатын.
К. Букер жергілікті уақыт бойынша дүйсенбі күні кешкі 19:00-де сөзін бастап, баяндамасының басында мүмкіндігінше ұзақ сөйлейтінін айтқан. Оның сөзі түні бойы жалғасып, сейсенбі күні таңертеңнен кешке дейін созылды. Демократиялық партия сайлаушылар тарапынан Д. Трампқа қарсы қатаң ұстаным талап етіліп жатқан кезде, Сенаттағы демократ К. Букер осылайша ұзақ сөз сөйледі.
Қазіргі таңда 55 жастағы К. Букер өз сөзінде Д. Трамп басқарып отырған федералдық үкіметтің тиімділігін арттыруға бағытталған Илон Масктың күш-жігерін сынап қана қоймай, миллиондаған америкалықтарға арналған денсаулық сақтау қызметтерінің негізгі бағдарламалары қысқартылуы мүмкін екендігін ескертті. Сонымен қатар, ел дағдарысқа ұшырап жатқанын айтты.
"Небәрі 71 күннің ішінде АҚШ Президенті америкалықтардың қауіпсіздігіне, қаржылық тұрақтылығына және демократиямыздың негіздеріне үлкен зиян келтірді. Бұл – Америка үшін қалыпты жағдай емес, және Сенат бұған көз жұмып қарай алмайды", – деді ол.
2013 жылдан бері Сенат мүшесі болып келе жатқан К. Букер – Нью-Джерси штатынан Сенатқа сайланған алғашқы афроамерикалық саясаткер және қазіргі таңда 100 адамнан тұратын Сенаттағы бес афроамерикалық сенатордың бірі.