Солтүстік Корея Украинаға қарсы соғыс жүргізіп жатқан Ресейге көмектесу үшін 100 мыңға дейін сарбаз жіберуі мүмкін
Бұл туралы Bloomberg агенттігі "Үлкен жиырмалық" (G20) елдеріндегі дереккөздеріне сүйеніп хабарлады. Агенттік сөйлескен дереккөздердің айтуынша, бұл мәлімет – алдын ала есеп бойынша жасалған болжам, ақпарат алда расталса да, 100 мың сарбаз бір уақытта жіберілмейді.
Бұған дейін Украинаның Оңтүстік Кореядағы елшісі Дмитрий Пономаренко "Америка дауысының" Оңтүстік Корея қызметімен сөйлескенде осы шамалас сарбаз саны туралы айтқан. Елші Ресейдің Курск облысындағы Солтүстік Кореяның 15 мың сарбазы ай сайын ауысып отырады деген.
Жақында Ресей мен Солтүстік Корея екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік туралы келісімді ратификациялады. Оған сәйкес, тараптардың біріне қарулы шабуыл жасалған жағдайда екіншісі дереу әскери және өзге де көмек көрсетуге міндетті.