Ресейлік депутат Сергей Миронов әлеуметтік желідегі жазбасында ОМОН-ның Сәвелов базарында мигранттарға жүргізген ауқымды тексерісін қолдайтынын мәлімдеді. Алайда, оның пікірінше, құқық қорғау органдарының жұмысын жеңілдету үшін Орталық Азия елдерімен визалық режим енгізу қажет.
Бұл бастаманы саясаткер бұған дейін де бірнеше рет көтерген.
«Оларды не үшін осында кіргіздік? Орталық Азия елдерімен визалық режим енгізу – бақылаусыз миграциялық ағындарға тосқауыл қоюдың, құқық қорғау органдарының жұмысын жеңілдетудің және жергілікті тұрғындардың өмірін жайлы етудің тиімді жолы», – деп мәлімдеді «Справедливая Россия» партиясының жетекшісі.
Осы мәселе бойынша Миронов өз оқырмандары арасында сауалнама жүргізді. 8704 адамның 94%-ы визалық режимді қолдайтынын білдірген.
Бұл ұсынысқа қатысты Қырғызстандағы пікірталастар қыза түсті. Жергілікті чаттарда қолданушылар бұл бастаманы «Ресейді оқшаулау жоспары» деп атады. Олардың пікірінше, егер Ресей Орталық Азиядан келетін еңбек мигранттарына шектеу қойса, олар Еуропада жұмыс табады.
Айта кетейік, бұған дейін Мәскеуде құқық қорғау органдары Сәвелов базарында жаппай рейд жүргізіп, түрлі мәліметтерге сәйкес, 100-ден 300-ге дейін адамды ұстаған. Кейін олардың көпшілігі құжаттарын реттеу туралы ескерту жасап, босатылған. Кейбір БАҚ-тың мәліметінше, Ресей азаматтығын алған мигранттарды әскери есепке тұруы тұрғысынан да тексерген.
Қырғыз және тәжік диаспораларының өкілдері соңғы уақытта Ресейде құжаттарды тексеру мен көші-қон талаптарының сақталуын қадағалау күшейгенін растады. Бірақ олар бұл шараларға түсіністікпен қарайтынын айтты.
Тексерулер әсіресе 5 ақпаннан кейін жиілеген. Себебі осы күні Ресейде көші-қон заңнамасын бұзған шетелдіктердің бірыңғай тізілімі іске қосылған болатын. Алайда, бұл реестрде көші-қон заңдарын бұзбаған мигранттар мен шетелдік мамандардың есімдері де кездесе бастағаны жөнінде шағымдар көптеп түсуде.
Сарапшылардың пікірінше, 1 мамырдан бастап Ресейдегі миграциялық заң бұзушыларға талап күшейе түседі. Қазіргі таңда заң бұзғандардың басым бөлігі 30 сәуірге дейін құжаттарын реттеуге міндеттеліп, полиция бөлімшелерінен босатылуда.