"26 қарашада облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов пен фабрика өкілдері келіп, барлық құзырлы органнан рұқсат алынды, фабрика ресми түрде жұмысын бастады деп хабарлады. Бұған дейін Маралды жанында барлау жүргізілсе, енді кенді өндіруге көшеді" деді Күршім ауданы әкімінің орынбасары Мейіржан Әлібеков Азаттыққа.
Оның айтуынша, фабрика құрылысы әу баста жоспарлаған мерзімінен кеш аяқталған. Бұған құрылысқа наразы адамдар мен компания арасындағы сот даулары және құзырлы мекемелер мен сарапшылардың тексерулері әсер еткен.
Фабрика іске қосылғаны туралы жаңалықты бұған дейін қарсылық көрсетіп келген Маралды белсенділері "қабылдай алмаған".
"Ауыл үш жылдан бері қарсыласып келе жатыр. Қаншама заңсыздықты көрсетіп, дәлелдедік. Қызыл кітапқа енген өсімдіктер, компанияға берілген жерлерден шыққан бұлақтар барын көрсеттік. Фабрика аумағының астында су қоры бар. Біздіңше, жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекс бұзылып отыр. Әлі де қарсымыз" деді белсенді Талғат Исин.
Кәсіпорын директорының орынбасары "экология қауіпсіздігі бойынша барлық шара қабылданады" деген.