Munarmedia.kz. 29.10.2026. ASTANA —Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің жұмыс жүктемесін азайтып, оларды артық есептіліктен босатуды тапсырды.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұрынғы қағазбастылықтың орнын цифрлық жүйелердегі сан алуан есептер басқан. Соның салдарынан мұғалімдер оқушыларға білім берудің орнына, түрлі есептерді толтыруға көп уақыт жұмсауға мәжбүр.
Президент педагогтердің негізгі міндеті — балаларды оқыту мен тәрбиелеу екенін атап өтті. Сондықтан мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп, олардың кәсіби қызметіне кедергі келтіретін артық талаптарды қысқарту қажет.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев оқушылардың мұғалімдерге дөрекілік танытып, тіпті физикалық күш қолдану жағдайлары жиілеп кеткеніне назар аударды.
Мемлекет басшысы мұндай оқиғаларға бейжай қарауға болмайтынын баса айтты. Мұғалімдерге қатысты күш көрсету фактілері де, мектеп әкімшілігі тарапынан жасалатын қысым да мұқият тексерілуге тиіс.
Президент Оқу-ағарту министрлігіне бұл мәселелерді тұрақты бақылауда ұстаудың маңызын ескертті.
Мұғалімнің қауіпсіздігі мен кәсіби қадір-қасиетін қорғау, сондай-ақ оны артық есептіліктен арылту — білім беру жүйесіндегі өзекті міндеттердің бірі.
#MunarMedia #Қазақстан #Тоқаев #Мұғалім #БілімБерУ #ОқуАғартуМинистрлігі #Мектеп #ҰстазҚұқығы