ЛОНДОН, 2025 жылғы 17 ақпан /Reuters/ – Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған келіссөздер басталар алдында Ұлыбританияның премьер-министрі Кир Стармер елінің соғыстан кейінгі бейбітшілікті сақтау үшін әскер жіберуге дайын екенін мәлімдеді.
Кир Стармер Ұлыбритания әскерилері мен офицерлерін қауіпке тігу оңай шешім болмағанын, бірақ Украинада бейбітшілік орнату Ресей президенті Владимир Путиннің агрессиясын жалғастырмау үшін маңызды екенін атап өтті.
АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио жексенбі күні жасаған мәлімдемесінде, Украина мен Еуропа елдері соғысты тоқтатуға бағытталған кез келген "нақты келіссөздің" бір бөлігі болатынын айтты. Осы аптада өтетін АҚШ-Ресей келіссөздері Путиннің бейбітшілікке қаншалықты байсалды қарайтынын көрсетеді.
Кир Стармер Daily Telegraph басылымына берген сұхбатында:
"Соғыстың аяқталуы Путиннің жаңа шабуыл жасауына дейінгі уақытша үзіліс болмауы керек", – деп мәлімдеді.
Франция президенті Эммануэль Макрон Парижде Украинаға қатысты келіссөз өткізгеннен кейін, Кир Стармер Германия канцлері Олаф Шольц, Польша премьер-министрі Дональд Туск, НАТО бас хатшысы Марк Рютте, Италия премьері Джорджия Мелони және Еуропаның басқа да көшбасшыларымен кездеспек.
АҚШ президенті Дональд Трамп өткен аптада НАТО-дағы одақтастарымен ақылдаспастан Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, бейбіт келіссөздер бастау ниетін жариялаған болатын. Бұл шешім НАТО-дағы еуропалық серіктестер мен Украинаны таңғалдырды.
Трамптың Украина мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Кит Келлог кейіннен мәлімдеме жасап, Украина мен Еуропаның басқа көшбасшылары бұл бейбіт келіссөздерге қатыстырылмайтынын айтты