Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Владимир Путин Украинаға қатысты НАТО-мен байланысын тоқтатуды және бейтарап мәртебесін талап етпекші — Bloomberg

96


Bloomberg ақпарат агенттігінің Кремльге жақын дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлауынша, Владимир Путин АҚШ-тың президенті болып сайланған Дональд Трамппен Украина-Ресей қақтығысы туралы келіссөздер кезінде Украинаның НАТО-мен әскери байланыстарын үзуді және шектеулі әскерге ие бейтарап мемлекет мәртебесін қабылдауды талап етпекші.

Ресей тарапының пікірінше, соғыс алаңында ресейлік күштердің басымдығына сенімді болған Путин Украинаға НАТО-ға қосылудан бас тартуды және өз әскери әлеуетін шектеуді талап етуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, Кремльдің НАТО-ға мүше кейбір елдер Киевке екіжақты қауіпсіздік келісімдері аясында қару-жарақ жеткізуіне қарсы емес екені айтылды. Дегенмен, бұл қару-жарақ Ресейге қарсы немесе Ресейдің бақылауындағы украин жерлерін қайтару мақсатында қолданылмауы тиіс деген талап қойылуда.

Кремль сондай-ақ Ресей әскерінің және билігінің бақылауында Украина аумағының кемінде 20%-ы қалуын талап етпек. Бұл аумаққа Ресейге қосылған Қырым да кіреді. Бірақ агенттіктің кейбір дереккөздерінің айтуынша, Мәскеу кейбір жерлерге қатысты аумақтық ымыраға келуге дайын екенін білдірген. Алайда нақты қай аумақтар туралы сөз болып отырғаны әзірге белгісіз.

Бұған дейін, Reuters ақпарат агенттігі де Ресейдің келіссөздерде қандай талаптар қоятыны туралы ақпарат таратқан болатын. Олардың дерегіне сәйкес, Путин Дональд Трамппен Украинадағы атысты тоқтату мәселесін талқылауға дайын, бірақ аумақтық ымыраға келу ниеті жоқ және Киевтің НАТО-ға кіруіне үзілді-кесілді қарсы екенін білдірген.