Қырғызстан билігі 2010 жылы биліктен тайдырылған елдің бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевті Беларусьтен қайтару мәселесін қарастырып жатыр. Бұл туралы Қырғызстан президенті Садыр Жапаров мемлекеттік «Кабар» ақпарат агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді.
«Құрманбек Бакиевке қатысты келіссөздер жүргізілуде», — деді Жапаров. Оның айтуынша, Беларусь тарапы Бакиевті Қырғызстан билігіне беруі мүмкін, егер елге оралған соң ол түрмеге қамалмаса.
Бұған қоса, Бішкек бұрынғы премьер-министр Сапар Исаковты қайтару мәселесін де зерттеуде. Қырғыз көшбасшысының пікірінше, Исаков ел астанасындағы ЖЭО мен Тарихи мұражайдың қайта жаңғыртылуына байланысты сыбайлас жемқорлық істері жөнінде мәлімет беруі мүмкін. «Бұл Құрманбек Бакиевке де қатысты», — деп жалғастырды Жапаров. Оның ойынша, экс-президент көптеген басқа да жемқорлық істер туралы айтып бере алады.
Республиканың бұрынғы премьер-министрі Исаков Бішкек ЖЭО-ын жаңғырту барысында жемқорлық жасағаны үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылған. 2020 жылдан бері ол Қырғызстаннан тыс жерде тұрып жатыр.
Бакиев болса, Қырғызстанда сырттай 30 жылға бас бостандығынан айырылған. Сот оны 2020 жылғы 7 сәуірде Бішкектегі Үкімет үйі алдында болған демонстранттарды жаппай атуға кінәлі деп таныды. Содан бері қашқын президент Минскіде тұрып келеді. Қырғыз Республикасы оны экстрадициялауға бірнеше рет сұрау жібергенімен, Беларусь тарапы бұл өтініштерді әрдайым кері қайтарған.
Соңғы күндері интернетте Құрманбек Бакиевтің кенже ұлы Максимнің Бішкекке жеке ұшақпен ұшып келіп, Қырғызстан президенті Садыр Жапаровпен және Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қамчыбек Тәшиевпен кездескені туралы ақпарат тарады. Бұл кездесуде олар оны елден алтын шығару үшін пайдаланбақ болды деген болжам жасалған. Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл сыбысты ресми түрде жоққа шығарғанымен, қоғамдағы талқылаулар әлі де тоқтаған жоқ