Украина президенті Владимир Зеленский жұма күні Берлинге барып, Германия басшыларымен кездесті. Германия – кейінгі үш күнде ол сапарлаған Еуропадағы бесінші мемлекет. Бұған дейін Зеленский Хорватия, Ұлыбритания, Франция және Италияда болған.
Украина президентінің Еуропаға сапары 12 қазан күнгі "Рамштайн" форматы аясындағы кездесу жоспарымен байланысты болған. Бірақ Украинаға әскери көмек мәселесі талқыланады делінген "Рамштайн" жиыны АҚШ-тағы "Милтон" дауылына байланысты өтпейтін болды – АҚШ президенті Джо Байден Германияға сапарын кейінге шегерген.
Германия канцлері Олаф Шольцпен кездесу кезінде де Зеленский Ресеймен соғысты 2025 жылы аяқтағысы келетінін мәлімдеді. Зеленскийдің сөзінше, ол Батыс елдерінің өзге жетекшілері сияқты Шольцқа да "жеңіс жоспарын" таныстырған. Соғысты аяқтағысы келетінін Зеленский Хорватияға сапары кезінде де айтқан.