Munarmedia.kz.11.07.2025 ж. /Астана/-Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен келіссөздердің үшінші кезеңі жақын арада өткізілмейтінін мәлімдеді. Бұл туралы ол Римдегі саммиттен кейін шетелдік БАҚ өкілдерімен өткен брифинг барысында айтты, деп хабарлайды РБК-Украина.
«Біз екінші кездесуде тараптар келіскен мәселелерді толық аяқтауымыз керек. Атап айтқанда, Стамбулда өткен сол екінші кездесуде сөз болған тұтқындармен алмасу процестерін түбегейлі аяқтау қажет. Менің ойымша, жақын арада осы бағытта нақты қадамдар жасалады. Тек содан кейін ғана көшбасшылар деңгейінде кездесу өткізуге дайындық туралы айтуға болады. Қысқаша айтқанда, жағдай осындай», – деді Зеленский.
Ол егер әңгіме соғысты тоқтату және нақты нәтижеге қол жеткізу туралы болса, онда міндетті түрде мемлекет басшылары деңгейіндегі кездесуді мұқият әзірлеу қажет екенін атап өтті.
«Бұған дейін де айтқанмын: біз кез келген форматқа дайынбыз. Әлбетте, Украина, Ресей және Америка басшылары деңгейіндегі кездесу – ең қолайлы форматтардың бірі. Бұл тек сөз жүзінде ғана емес, нақты кепілдіктермен және келісімдермен бекітілуі тиіс», – деді Владимир Зеленский.
Сондай-ақ, Украина басшысы келіссөздер өткізу үшін алаң ұсынуға дайын екенін білдірген Ватиканға алғысын жеткізді. Оның айтуынша, мұндай ұсыныстар Австрия, Швейцария және Түркия тарапынан да түсіп жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін, 27 маусымда Ресей президенті Владимир Путин Минскіде өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысынан кейінгі брифингте Ресей мен Украина арасындағы келіссөз жүргізушілері тұрақты байланыста екенін және жаңа раундтың мерзімі бойынша келіссөздер жүріп жатқанын айтқан болатын.