Зиянды қауым жойылып, зиянды қауым дәуірледі ме?

49

Бір кездері Асқар Сүлейменовтің қазақ интеллигенциясы туралы ащы пікірін оқыған едім.
Ол сөздің салмағын сол кезде толық түсінбеген шығармын. Өйткені біз интеллигенция дегенде халықтың сөзін сөйлейтін, билікке шындықты айтатын, ұлттың жоғын жоқтайтын, қоғамның ар-ожданы болатын адамдарды елестететінбіз.
Зиялы адам деген — дипломы қалың, атағы биік, ордені көп адам емес.
Зиялы деген — қажет жерде өзіне қауіп төнсе де шындықты айта алатын адам еді.
Кешегі Ахмет, Міржақып, Сәкендер нағыз ұлт зиялысы.
Олар елдің болашағы үшін басын тікті.
Ұрпаққа атақ, даңқы, орден медалі емес, сөзі мен ісі қалды.
Кейіңгі Кеңес заманында жағымпаз, жылтырауық құмарлар мен қатар Шерхан Мұртаза сынды ұлт жанашырлары шықты.
Ақиқатты айтты.
Соңғы зиялылар деп Қадыр Мырзалі, Дулат Исабеков, Мұхтар Шахановтарды айтуға болар.
Қазір мен зиялы қауымның соңғы өкілдері деп Төлен Әбдік, Тұрсын Жұртбай ағаны ғана атар едім.
Қалғандары күні-түні әкім мен министр мақтап, темір-терсек, атақ даңқ тілеп, сұрап, өзгелерлерге кінә тағып, жамандап, төмен санап, қтянат жасап жүретіндер ол қатарға жатпайды.
Олар өлсе де артынан мұрасын іздеп, еске алатын ешкім болмас.
Бүгін осы өлшем өзгеріп бара жатқан жоқ па?
Қазіргі қазақ қоғамында бір парадокс пайда болды.
Ұлт туралы көп сөйлейміз, бірақ ұлттың тағдырына қатысты ең өткір мәселелерді айтуға келгенде үнсіз қаламыз.
Мемлекеттік тіл, ғылымның жағдайы, ауылдың күйі, жастардың болашағы, демографиялық теңсіздік, жемқорлық, әділетсіздік, әлеуметтік жіктелу сияқты мәселелердің бәрі бар.
Бірақ кейде зиялы қауымның назарын басқа нәрсе көбірек қызықтыратын сияқты.
Атақ.
Марапат.
Орден.
Медаль.
Лауазым.
Мемлекеттік сыйлық.
Құрметті атақ.

Бұлардың бәрі адамның еңбегіне берілген әділ бағалау болса — жаман емес.
Бірақ мәселе марапаттың өзінде емес.
Мәселе — марапат үшін ұстанымның өзгеруінде.
Кезінде республикалық геральдикалық орталықты басқарған кезімде атақ, даңқ пен орден, медаль сұрап келіп жүретін, бірін-бірі кемсітіп, жамандап келетін белгілі "ақсақал" зияндыларды қабылдап, өтірік күліп отырсам да жиіркенетінмін.
Біреуінің өтінішін орындаған емеспін.
Егер адам халықтың сөзін сөйлегені үшін емес, билікке ыңғайлы болғаны үшін бағалануды күте бастаса, онда зиялылықтың табиғаты өзгереді.
Зиялы адам биліктен қорықпауы керек.
Бірақ одан да маңыздысы — биліктен ештеңе күтпеуі керек.
Өйткені бір нәрсе күтетін адам бір күні сол нәрсенің құлына айналуы мүмкін.
Қазақта «Ұрпақ үшін» деген сөз бар. Бұл — қасиетті ұғым.
Адам баласы баласының жақсы өмір сүргенін қалайды.
Баласына білім бергісі келеді, үй-жай қалдырғысы келеді, қызметінің жақсы болғанын ойлайды.
Мұның еш айыбы жоқ.
Бірақ мәселе мынада:
Өз балаңның болашағын ойлау мен ұлттың болашағын ойлаудың арасына шекара қойып алсақ не болады?
Егер әркім «алдымен менің балам» деп, қоғамның ортақ мүддесін кейінге ысыра берсе, бір күні бәріміздің балаларымыз өмір сүретін мемлекеттің өзі әлсірейді.
Біз ұрпағымызға үй қалдыруымыз мүмкін.
Байлық қалдыруымыз мүмкін.
Қызмет қалдыруымыз мүмкін.
Тіпті атақ пен бедел қалдыруымыз мүмкін.
Бірақ әділетсіз қоғам қалдырсақ, соның бәрінің құны қанша?
Балаңа жақсы қызмет алып беруің мүмкін.
Бірақ ертең сол қызметке білімділігімен емес, әкесінің атымен жететін қоғам қалыптасса, сен бір балаңды ғана емес, мыңдаған баланың мүмкіндігін ұрлаған боласың.
Өйткені қоғамдағы әділетсіздік біреудің баласына берілген артықшылықтан басталып, екінші біреудің баласының үмітінен айырумен аяқталады.
Қазақ зиялысының ең үлкен трагедиясы — оның жеке адам ретінде өмір сүруі мен ұлттың өкілі ретінде өмір сүруінің арасындағы айырмашылықты ұмытуы.
Зиялы болу — мамандық емес.
Зиялы болу — жауапкершілік.
Ақын болсаң — халықтың жүрегін сезінуің керек.
Ғалым болсаң — ақиқатты қорғауың керек.
Журналист болсаң — қоғамның сөзін сөйлеуің керек.
Өнер адамы болсаң — ұлттың рухын көтеруің керек.
Мемлекеттік қызметкер болсаң — мемлекетке қызмет етуің керек.
Ал қоғам қайраткері болсаң — қоғамның алдында тұруың керек.
Бірақ олардың барлығын
Өзіңнен кейінгі ұрпаққа қандай қоғам қалдырасың,-деген сұрақпен өлшеуге болады.
Міне, зиялының шынайы есебі осы.
Орденнің саны емес.
Медальдің салмағы емес.
Құрметті атақтың көптігі емес.
Қазір кейбір зияндылар бір жерге барса менің атақ дәрежемді толық айт деп ренжитіні бар.
Ол өзін өзгелерден жоғары қоятын, халықпен тең болуды қаламайтын, қарапайым ғана "ақсақал" дегенді естуден арланатын арсыз зияндылардың әрекеті.
Халық даңқты адамды өздері ақ таниды. Құрметтейді.

Кейде біз ұлтқа қызмет етуді ұлт туралы көп сөйлеумен шатастырып аламыз.
Сөз бен әрекеттің арасы екі бөлек нәрсе.
Зуылдатып бес минут тоқтаусыз сөйлегенімен, ұлт үшін жасаған еңбегі болмаса оның құны көк тиын.
Ұлттық киім кию — ұлтқа қызмет етудің бір белгісі болуы мүмкін.
Қазақша сөйлеп, домбыра ұстап,
Абайды, Ахметті, Мағжанды, Мұхтарды дәріптеу — жақсы.
Бірақ ұлтқа қызмет ету бұлармен аяқталмайды.
Ұлтқа қызмет ету — қажет кезде ұлттың ауыр мәселесін айту.
Жағымсыз шындықты айту.
Өз ортаңды сынау.
Өзіңнің досыңды да әділетсіздік жасағанда тоқтату.
Биліктің алдында мақтау үшін емес, ақыл айту үшін тұру.
Ал егер зиялы қауым қоғамдағы барлық мәселеге үнсіз болып, тек марапат келгенде ғана мінберге шығатын болса, онда оның қоғамдағы моральдық беделі біртіндеп жоғалады.
Жоғалғаны көп...
Халық ондай адамды сыйлауы мүмкін.
Бірақ оған сенбейді.
Ал сенімсіз зиялы — қоғамның ең үлкен әлсіз затына айналады.
Билік әрқашан зиялы қауымның күшін түсінеді.
Оны өзіне пайдаланғысы кеп тұрады. Пайдаланып та келеді.
Қажет шегіне дейін пайдаланып, кейін лақтырады.
Халықтың көзайым, құрметіне ие бола алмайды.
Себебі халыққа әсер ететін қарудың ең мықтысы — қару емес, сөз.
Сондықтан билік пен зиялы қауымның арасындағы қарым-қатынастың табиғаты өте маңызды.
Зиялы билікке жақын болуы мүмкін.
Бірақ билікке тәуелді болмауы керек.
Зиялы мемлекетке қызмет етуі мүмкін.
Бірақ мемлекетті биліктен ажырата білуі керек.
Билікті сынау — мемлекетті сынау емес.
Керісінше, кейде биліктің қателігін айту — мемлекетке жасалған ең үлкен қызмет.
Өйткені шындықты айтатын азамат мемлекетті әлсіретпейді.
Ол мемлекетті қателіктен сақтайды
Бізге бүгін жаңа бір өлшем қажет сияқты.
Қазақ зиялысын «Қандай ордені бар?», «Қандай атағы бар?», «Қай жерде қызмет істеген?»,
«Қандай лауазымды адамдармен бірге жүр?» деп емес,
«Ел басына күн туғанда не айтты?»
«Кімнің сөзін сөйледі?»
«Қандай әділетсіздікке қарсы тұрды?»
«Өз пайдасынан ұлттық мүддені жоғары қоя алды ма?» деп бағалауымыз керек.
Өйткені тарих адамның төсіндегі медальді емес, оның заманындағы ұстанымын есте сақтайды.
Бір кезде ордендерін тот басады.
Марапаттарының мәні жоғалады.
Лауазымдары ұмытылады.
Ал адамның айтқан сөзі мен жасаған ісі ұрпақтың жадында қалады.
Асқар Сүлейменовтің әлгі ащы пікіріне қайта оралатын себебім де осы.
Мәселе қазақ интеллигенциясын жаппай «сатқын» деп атаудан аулақпын.
Мәселе — зиялының өзіне қойылатын талапты жоғалтпай үнемі есіне салып отыруымыз керек.
Қазаққа бүгін мақтау айтатын зиялыдан гөрі, керек кезінде ащы шындықты айтатын зиялы көбірек қажет.
Марапатқа ұмтылатын адамнан гөрі, мәрттікке ұмтылатын адам қажет.
Өз әулетінің ғана қамын ойлайтын адамнан гөрі, өзінен кейінгі бүкіл ұрпақтың тағдырын ойлайтын адам қажет.
Биліктің алдында бас иетін адамнан гөрі, билікке де, халыққа да шындықты айта алатын адам қажет.
Өйткені ұлттың болашағын министр де, әкім де, депутат та жалғыз жасамайды.
Оны қоғамның моральдық капиталы жасайды.
Ал сол моральдық капиталдың ең үлкен иесі — зиялы қауым.
Сондықтан бүгінгі қазақ интеллигенциясының алдында
"Біз ұрпағымызға өзіміз алған атақтарды қалдырамыз ба, әлде өзімізден әділеттірек қоғам қалдырамыз ба?" деген көкейкесті сұрақ тұр.
Біріншісі — әулеттің жеңісі.
Екіншісі — ұлттың жеңісі.
Ал тарих алдында екеуінің салмағы бірдей емес.
Зиялының ең үлкен марапаты — төсіндегі орден емес.
Оның ең үлкен марапаты — артынан ерген ұрпақтың:
«Ол өз заманының шындығын сатып кеткен жоқ» деп айтуы.
Мүмкін, бүгін бізге дәл осы сөз жетіспей тұрған шығар.
Баяжума Асылбек
Саяси сарапшы, журналист