16 жастағы оқушы әскери қызметке қабылдау үдерісін цифрландыруға арналған Jauynger платформасын әзірледі

32


Munarmedia.kz 06.11.2026 /ASTANA/-Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектептің 10-сынып оқушысы Алан Баймұхан әскери қызметке қабылдау үдерісін жеңілдетуге бағытталған Jauynger цифрлық платформасын әзірледі. Жас әзірлеуші жетекшілік ететін команда жасаған жоба
AI & Digital Bridge Kazakhstan халықаралық форумында «Жылдың үздік мемлекеттік жобалары» номинациясы бойынша үшінші орын иеленді.

Jauynger платформасы азаматтарға әскери қызметке өтініш беруден бастап келісімшартқа қол қоюға дейінгі негізгі кезеңдерден онлайн өтуге мүмкіндік береді. Жүйеде құжаттарды рәсімдеу, электрондық қолтаңбаны пайдалану, өтініш мәртебесін бақылау және жасанды интеллект негізіндегі навигатор қызметтері қарастырылған.

Алан Баймұхан мен оның командасы платформаны толық әзірлеп, App Store дүкенінде жариялады. Жоба деректері Қазақстан аумағындағы серверлерде сақталады.

AI & Digital Bridge Kazakhstan форумынан кейін жас әзірлеуші командасы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі өкілдерімен Jauynger платформасын енгізу және одан әрі дамыту мүмкіндіктерін талқылады.

Алан — үш технологиялық жобаның авторы әрі құрамында мектеп оқушылары бар әзірлеушілер командасының жетекшісі. Оның Takhet+ медициналық платформасы пациенттерді, дәрігерлер мен клиникаларды бір жүйеге біріктіреді. Ал Simplify жобасы жасанды интеллект арқылы шетелдік компанияларға жұмысқа орналасу үдерісін автоматтандырады.

Аланның кәсіпкерлік жолы 2025 жылы SHOQAN SCHOOL ұйымдастырған Shoqan Startup байқауынан басталды. Ол Takhet+ жобасымен үшінші орын алып, 1 миллион теңге көлемінде жүлдеге ие болды.

Shoqan Startup бағдарламасы мектеп құрылтайшылары — қазақстандық кәсіпкер Кеңес Рақышев пен эколог Әсел Тасмағамбетованың бастамасымен құрылған. Бағдарлама оқушылардың кәсіпкерлік қабілетін дамытуға, технологиялық идеяларын нақты өнімге айналдыруға және өз жобаларын тәжірибеде сынап көруіне мүмкіндік береді.

Аланның әскери салаға және елдің қорғаныс жүйесін дамытуға қатысты технологияларға қызығушылығы — оның азаматтық жауапкершілігінің бір көрінісі. Жас әзірлеуші өз білімін ел игілігіне жаратып, отандық цифрлық шешімдердің дамуына үлес қосуды мақсат етеді. Бұл ұстанымның қалыптасуына мектептегі білім мен тәрбие ортасының да ықпалы зор.