2025 жылы Қазақстандағы ақылы автожолдардан 87 млрд теңге табыс түсті.

55

Munarmedia.kz 27.04.2026/Astana/ — Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев мәлім етті.

Оның айтуынша, 2026 жылға арналған түсім жоспары 100 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ ол ақылы жол учаскелерінен жиналған қаражат тек осы жолдарды күтіп-ұстауға бағытталатынын атап өтті. Ең алдымен қаражат жол жөндеу жұмыстарына және арнайы техникаларды сатып алуға жұмсалады. Соңғы екі жыл ішінде 1200-ден астам техника бірлігі сатып алынған. Дегенмен, операторға әлі де шамамен 1500 техника қажет.

Бұдан бөлек, қаржы жол бойындағы сервистік нысандарды дамытуға бағытталады. Соңғы екі жылда компания 106-дан астам санитарлық торап орнатқан.

«Түсіну үшін айта кетейін: қазіргі таңда екі жолақты автожолдың бір шақырымын орташа жөндеу құны шамамен 100 млн теңгені құрайды. Ал төрт жолақты жол туралы айтсақ, бұл сома бір жарым-екі есеге жоғары», – деді Дархан Иманашев.

#Munarmedia #Астана #ҚазАвтоЖол #АқылыЖол #Экономика #Инфрақұрылым #ЖолЖөндеу