9 мыңнан астам қазақстандық офицер Ресейде білім алған

41

Munarmedia.kz 24.02.2026 /Astana/ Елордада Отан қорғаушылар күніне орай салтанатты қабылдау ұйымдастырылып, әскери-дипломатиялық орта өкілдері бас қосты. Ресми шара барысында қазақстандық және ресейлік тарап арасындағы әскери білім беру саласындағы ынтымақтастықтың нәтижелері жария етілді.

Қонақтарды Алексей Бородавкин және Ресей Федерациясының қорғаныс мәселелері жөніндегі атташесі Геннадий Сулимук қарсы алып, құттықтау сөз сөйледі.

Геннадий Сулимуктың айтуынша, екі ел арасындағы әскери білім беру саласындағы әріптестік аясында бүгінге дейін 9 мыңнан астам қазақстандық офицер Ресейдің әскери жоғары оқу орындарында даярлықтан өткен.

«Жалпы ынтымақтастық кезеңінде тоғыз мыңнан астам офицер дайындалды. Қазіргі уақытта 800-ден астам қазақстандық әскери қызметші білім алып жатыр», — деді атташе.

Бұл көрсеткіштер Қазақстан мен Ресей арасындағы қорғаныс саласындағы өзара іс-қимылдың жүйелі әрі ұзақмерзімді сипат алғанын аңғартады. Әскери кадрларды даярлау – мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі стратегиялық бағыттардың бірі.

Салтанатты қабылдау аясында бірқатар азаматтар марапатталды. Атап айтқанда, Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің «Инновациялық технологияларды дамыту саласындағы жетістіктері үшін» медалі Ресейдің Қазақстандағы Экономикалық даму министрлігінің өкілі Егор Шипицинге табысталды.

Марапаттау рәсімі екі ел арасындағы әскери-техникалық және инновациялық ынтымақтастықтың маңызын айқындай түсті.

Айта кетейік, Қазақстан мен Ресей арасындағы әскери білім беру саласындағы байланыс ТМД кеңістігіндегі ең ауқымды бағдарламалардың бірі саналады. Сарапшылардың пікірінше, мұндай әріптестік кәсіби кадрлар даярлау сапасын арттырып қана қоймай, аймақтық қауіпсіздікті нығайтуға да ықпал етеді.