ЕАБР: 2040 жылға қарай Орталық Азияда су тапшылығы мен инфрақұрылымға салмақ артуы мүмкін

26

Munarmedia.kz 23.02.2026 /Astana/ 2040 жылға қарай Орталық Азия халқы 96 миллион адамға дейін өсуі ықтимал. Бұл аймақтың экономикалық әлеуетін арттырғанымен, инфрақұрылымға айтарлықтай салмақ түсіреді. Бұл туралы Еуразиялық даму банкі басқарма төрағасы Николай Подгузов мәлімдеді.

Банк басшысының айтуынша, Орталық Азия — климаттық өзгерістерге ең осал өңірлердің бірі.

Алдын ала бағалауларға сәйкес:

  • 2028 жылға қарай жыл сайынғы су тапшылығы 5–12 текше шақырымға жетуі мүмкін;

  • су ресурстарының едәуір бөлігі тозған инфрақұрылым салдарынан ысырап болуда;

  • халық санының өсуі энергетика, көлік және коммуналдық жүйелерге қосымша жүктеме түсіреді.

Сарапшылар аймақтың мұхит порттарынан 3 мың шақырымнан астам қашықта орналасуын «қашықтық салығы» деп атайды. Географиялық оқшаулық салдарынан сыртқы сауда құны 20–40%-ға қымбаттайды, ал экономика жыл сайын шамамен 1,5 пайыздық тармаққа дейін өсімнен қағылады.


ЕАБР ұсынған негізгі шешім — көлік байланысын күшейту. Банк Еуразиялық көлік қаңқасы тұжырымдамасын ілгерілетіп отыр. Бұл тек шығыс–батыс бағыттарын ғана емес, солтүстік–оңтүстік дәліздерін де дамытуды көздейді.

Атап айтқанда, Оңтүстік Азия мен Парсы шығанағы нарықтарына шығу үшін әлеуетті Трансауған дәлізін дамыту мүмкіндігі қарастырылуда.

Банк бағалауынша, 2026 жылға қарай Орталық Азияның бес мемлекетінің жиынтық экономикасы 600 млрд долларға жетуі мүмкін. Ал ЮНИСЕФ дерегіне сәйкес, 2025 жылы өңір халқы 84 миллионнан асқан.

Еуразиялық даму банкі 2006 жылы Ресей мен Қазақстан бастамасымен құрылған. 2025 жылы банк құрамына Өзбекстан қосылды.

Сарапшылардың пікірінше, алдағы онжылдықта Орталық Азия үшін басты міндет — демографиялық өсімді экономикалық мүмкіндіктерге айналдырумен қатар, су ресурстары мен инфрақұрылымды жаңғырту арқылы тұрақты даму моделін қалыптастыру.