Түн. Ескі үстел. Үстел үстінде алтын түстес «ESSE» темекісі, қою кофе. Ел ұйқыда. НоудБук қосылу. Түк жазғым келмей отыр. Бірақ ішім ала құйын.
Ескі үстелім шиқылдап барып қозғалды. 2019 жылдан бері бұл үстелім менің ескі серігім. Екеуміз айнымас доспыз. Үстел үстінде карандаш, түрлі-түсті қалам, сосын Абай атамның, Шаһкәрімнің, Д. Лондонның, Мағауиннің, және Роллан Сейсенбаевтың кітаптары жатыр.
Менің кітапханам үшке бөлінген, ауылда, кабинетімде және мына үйімде.
Ауылдағы шаңырағымды жөндеп, іске асырып, заман уақытымен тыныс алдырып «таза шығармашылықпен» айналысып Ой Әлеміне ат шалдырам ба деп мақсат қойғам. Биыл ол мақсатым болмады. Анау шаруа. Мына жұмыспен тоқтап қалды.
Жаңбыр сүмектеп, бозқырау түсті, қар жауды. Жер көктайғаққа айналды. Қысқасы қысқа күнде, күрмеп үлгере алмай қалдым.
Телефоным безектеді. Жәнібек екен. Алдым. Өзі әпенділеу азамат. Аздап тіл мүкістігі бар. Ашуланғанда тұтығып қалады. Бірақ Отанды, Қазақты жан-тәнімен сүйеді. Нағыз патриот. Орыс тілді. Қазақтың классиктерін түгел оқыған. Оқымаған кітабы жоқ. Қалада өссе де, аз уақытта ана тілін меңгеріп алған. Жас кезінен бейнетте жүрген жігіт, менімен құрдас, әрі сырлас. Бұрын спортпен шұғылданып боз кілемде, біраз жетістікке жеткен. Қазір әр салада жүр, шағын шаруасы, ағасымен бірге ортақ харекеті бар.
-Бауыр-ым, да... Мына гүржілердің дәмханасына барып шәй ішіп, аздап ой сергітейік, шаршап кеттім,-дейді гүрілдеп.
-Жақсы дедім.
-Сен қайдасың?
-Гүржінің кафесінде...
Қаланың ортасындағы грузин кафесінінің іші көңілді. Тек бір көңілге жақпайтындығы русь әлемін насихаттап, русьтың әндерін шырқатып қояды. Жәнібек те, менде талай айттым, ұзын бойлы, қауға сақалды грузин «хоро-шомен» жүр, өзі біз барғанда кәдімгідей қысылып қалады. Ар жақ қуысынан қайтып шықпайды.
Жоқ, осы жолы музыкасын өшіріпті. Сірә, ар жағынан айтқан шығар «мына екеуі келді» деп кеткенше «өшір!» деп.
-Бір шәукім шәй, сен не ішесің?-деді маған Жәнібек.
-Грузин кеспесін сосын наны тамашы.
Тұз көз, құмырсқа бел орыс қызы әдемі көзін төңкеріп «бізге грузин арағы келді» деп қиылды Жәнібекке қарап.
-Жоқ, мамыр айының бал қымызы тұрғанда гүржілердің арағына тәбетім тартпайды, сен ше? деп маған сұраулы жүзбен қарады.
-Жоқ, рахмет... Жүрегім ауырып жүр дедім.
-Жүрегі барлар тек «жүректен» ауырады.
Күлдім. Темекіні көп шегесің. Олай өткенде, былай өткенде қараймын жұмысының алдында сайтан еміздікті түтіндетесің де тұрасын!-деп қабағын түйді.
Қалжың ғой құрдасым, ренжіп қалма!.. Қалжың...
Күлдім.
Ас іштік. Қою шәй іштік. Ыстық шәй. Осы гүржілердің кеспесіне құмарсың ә?-дейді Жәнібек.
-Дәмді. Шіркін анамның кеспесіне жетер дәм жоқ шығар дүниеде дедім.
-Ә... иә дүниеде анаңның асынан артық дәмді ас бар ма? Ол рас!-деді Жәкең.
Мамыр айы еді. Жүр көшені аралап әңгімелесіп жүрейік,-деді Жәнібек.
Орыстың қызына ішкен асымыздың ақысын төлеп көзін қысты. Әдеті. Сұлуды көрсе көз қысатын. Еһ русь қызы жас кезінде сәмбі талдай, бірақ қартайғанда ия... қарқылдап күлді. Әдемі теңеу айтқысы келді. Тілін тістеді.
Шортан шаһары. Бұрын ел осылай атайтын-ды. Қазір ғой Щучинск. Солақай жамбасқа түсіп кетті. Уақыты келер құжаты ауысар. Екеуміз келе жатырмыз.
Шіркін-ай, осы қалада Ұлы Абылайдың ескерткіші тұрса, қандай жарасымды болар еді ә?-деді маған.
-Қай Абылай? дедім.
-Ту-у осы сенің -ай!? Абылайханның!..
-Ие, солай айтсайшы, әйтпесе абылайлар көп қой...
-Ым...м.
Ендеше тыңда деп Жәнібек күрсініп алды. Республикалық балаларды сауықтыру орталығы «Балдәуренді» білесің ғой?
-Иә білем.
-Соның басшысы Мұхиддин Бекболатұлы деген азамат бар осында, осы шаһарда тұрады. Қайратты кісі, алғыр кісі, ибалы азамат, парасатты азамат, жүрегінде нағыз Құдайы бар азамат. Сол кісі ана жылдары үлкен бастама көтерді. Тіпті демеуші де тапты. Екі әкімдіктің ортасына баяғы Лениннің ескерткішінің орнына Абылайханның үш метірлік тұғырлы тақта отырған ескерткішін қоямын деп дайындады. Ол кезде әкімнің кім екендігін білмеймін, әйтеуір әкім де «мақұл» деп бірден келіссе керек.
Ескерткіш дайын. Ақша бар. Демеуші бар. Тек енді ұлы Абылайханның ескерткішін қойса, аруағы бір аунап түсер еді. Өмір аққан су. Бүгінгі ұрпақ Абылайдың ескерткішінің алдында бас иер еді. Мақтаныш қылар еді. Келесі ұрпаққа үлгі болар еді.
Абылайдың тас тұғырлы биік ескерткішін қою, сырт көзге, дұшпан тілеулеске бір жағынан сұс болатын еді.
Мұхиддин Бекболатұлы жан-жаққа сауын айтпайды һәм көмек сұрамайды. Тек «мақұл» десе болды. Әкеледі де хан Абылайдың ескерткішін қояды. Аруаққа арнап ас беріледі. Елдің мерейі өсіп қалады. Аруақтар мәңгілік жер бесігінде бір аунап түседі. Ұрпағына ризашылығын білдіріп.
Апта,
Ай өтеді.
Жоғары жаққа жергілікті жердің ақжағалы азаматтары хат жазады рұқсат сұрап «Осылай да осылай Абылайханға ескерткіш орнатайық деп едік» деген. Ұзын-сонары солай шығар енді, нақты білмедім, хатты қалай жазғандығын?
Жоғары жақтан ләм деген үн жоқ.
Күндердің күні жоғарыдан біздің ауданға қоңырау түседі. Қытымыр деген қызыл ит қызғаныш па білмедік.
Ескерткіш қойылмасын! деген жарлық келеді. Мәдениет Министірінен. Ол кезде Министірдің кім екенін білмедім. Қысқа да нұсқа.
Мұхиддин көкеміз аң-таң.
-Оу, олардан көк тиын сұрамадым, олардан сәулетшінің еңбекақысын тауып бер демедім, әрі-беріден соң жан-жақтан аш қасқырдай қазақтың даласына сұқтанып келген қалың дұшпанның бетін қайтарған ұлы Абылайдың һәм Абылайханның қазаққа сіңірген еңбегі зор ғой, соның бір кішкентай ғана өтеуі болсын дедім.
Жетпіс жыл есімі тарихта айтылмады,
жазылмады, жарыққа шықпады. Сәбет үкіметі көрсетпеді. Жетпіс жыл қазақ баласы, қайсысы батыр, қайсысы би деп танымады. Тек еміс-еміс көкірегінен даланың иісі аңқыған Дешті Қыпшақтың қарттарының аузынан ғана там-тұм естіді.
Дербес елсің,
Тәуелсіз мемлекетсің,
Қазақия елісің! Кімнен ығып, кімнен қорқып отыр бұлар?!-дейді күйініп. Әлде тарихтан безіп, ауа көшіп, қазақтың тарихын баяғы ескі сарынмен ХХ ғасырдың он жетінші жылымен бастамақшы ма?
Солай жұмбақ күйінде қалады.
Жарлық қатты. Жан тәтті.
Ай Абылай, Абылай!..
,-дер еді Бұқар атаң тірі болса.
Тереңдігі теңіздей, қайраты қара өгіздей жоғарыда отырған сенің көкең тірі тұрғанда Абылайханға қайдан ескерткіш қойғызады.
Күйініп кетеді Мұхиддин ағаң.
Санды бір ұрады. Сол жағына шырт түкіреді.
Дешті Қыпшақтың даласы «Ай Абылай, Абылай!» деп күңіреніп, Бурабайдың сұңғат сұлулығы мұңға батып, ойға шомып, айдын көлінің бетіндегі сұңқылдақ аққу аспанды айналып аһ ұрып күрсінгендей болады.
Біреуге алтын-күміс бер,
Біреуге атақ-біліс бер,
Біреуге тек жұмыс бердің кері.
«Қастық» деген ауруды ешбір тәуіп емдей алмайды.
«Тәуелсіздіктің авторымын деген,
Шекараны бекітіп бердім деген,
Қазақта мемлекет болмады» деген көкелерін өлген Абылайға бір қарыс жерді қимайды.
Ақыры ше? дедім темекімді тұтатып жатып.
-Ақыры, аудан басшысы желкесін қасыпты қолы қысқа, жоғарыдан рұқсат жоқ «рұқсат бермеді...» деп.
Мұхиддин көкең ақылды азамат қой. Дайын тұрған Ұлы Абылайханның ескерткішін (рухынан кешірім сұрап) бұздырып Балдәуреннің ішкі алаңында қазіргі тұрған ағартушысы ұстаз, қазақ даласының күміс қоңырауы атанған Ыбырай Алтынсариннің ескерткішін орнатады.
Абылайдың да, Ыбырайдың да қазақ даласына сіңірген еңбегі бар. Біреуі сыртқы дұшпанмен күресіп білекті болса, Ыбырай атамыз білімді еді ғой «шамнан шырақ жаққан» алғашқы ұстаз. Қазаққа екеуі де ортақ.
Басқа амалы қайсы?
Өткен шақты, өткен өмірді қайтара алмайсың.
Абылай хан бабамыз Бурабайда қырық сегіз жыл хандық құрған, мына өлке, мына кең дала, сұлу дала, ғажайып табиғатты көздің қарашығындай сақтап, мемлекеттін тағдыры үшін осы аңыз Бурабайда талай-талай алқалы басқосулар өткізген.
Бұқар бабаң толғап-толғап жыр төккен,
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы қарт Бөгенбай,
Қазыбек, Әйтеке, Төле билер Бурабайдың тұнық ауасын құшырлана жұтқан.
Ақан әнге қосқан,
Балуан Шолақ,
Біржан сал,
Шөже ақын,
Үкілі Ыбырайдың әні асқақтаған Бурабайдың жері, атам қазақтың арғы-бергі тарихынан бері қазақтың еншісінде ғой,-деді Жәнібек бір қызарып, бір бозарып аптыға сөйлеп, қолын сермеп.
-Мұхиддин аға, егер ол жерге яғни орталыққа рұқсат бермесе, Абылайдың алаңына қойғызбаған екен деймін өкініп.
-Туһ сенде бір қысқа қайырады екенсің. Абылайдың ескерткішін қоюға мүлдем рұқсат бермеген,-деді Жәнібек аспанға қарап күрсініп.
Үш жылда бір кітапханамды қопарам. Ұлылардың елге деген махаббатын, олардың уыз жырларын, тамаша ғаламат ойларын оқимын. Қаншама конспекты жазыппын. Тағдыр деген сараң сыймен күресіп жүріп, біраз дүниемді жинақтай алмаппын. Енді-енді жазуға отырдым.
Мұхиддин аға ұлттың қамын ерте ойлады. Ұлттық ырғақты қалыптастырып, Бабалар алдында, олардың ӨР РУХЫНЫҢ алдында бас иді. Жастықтың өтерін, кәріліктің жетерін білді. Бүгінгі жасап жатқан қарбалас тірліктің барлығының қызығын келер ұрпақ көруі тиіс. Тарихын білуі тиіс. Сондықтан Ұлы АБЫЛАЙДЫҢ ескерткіші шаһардың орталығында тұруы тиіс деп жарғақ құлағы жастыққа тимеді. Бірақ, өкініштісі, жоғарғы жақ рұқсат бермеді.
Қызғаныштың қызыл иті абалады,
Ай Абылай, Абылай,
Хан ием-ай! Көрген түсі дөп келгендігін қарашы!
Өкініштің үлкені-ойы тарлық дейді мұндайды. Әйтпесе үш жүз қазақтың баласының ортақ пірі болған Ұлы Абылайханға бір ескерткіш көп пе еді!?
Көп емес еді!!!
Ұялы телефоның тауып ап, Мұхиддин Бекболатұлына қоңырау шалдым. Алланың ақ үйі, салауат айтар игіліктің үйі мешітте екен. Алла қаласа, намаздан кейін хабарласам,-деді.
Хабарласты болған жайтты анықтап сұрадым. Көзбен көрсем шындық, құлақпен естіген өсек.
-Ие бауырым-ай, жақсылық ұмыт, жаңылыс кек деген атам қазақ. Ондай уақиға болған еді. Алда көрген, артта жоқтың кері. Иә, бастама бастағам, бірақ Абылайдың ескерткішін, амалсыз Ыбырайға айналдырғам. Екеуі де қазаққа ортақ.
Екеуі де қазақтың мақтанышы,-деді. Әрі қарай әңгіме қозғамады.
Қалың қазағы қос тіккен оңтүстіктің азаматы Мұхиддин Бекболатұлының бұл еңбегін ел біле қоймас. Кейде «ойбай тоғыз жолдың торабы, қасиетті Бурабайда Абылайханға арналған бірде-бір ескерткіш жоқ!..» деп өсекторлар көпіріп жатады.
Абылайханға ескерткіш қоямыз деген. Бірақ ат-абыройы арығандар, тоны тозғандар, қадірі кеткендер ұлы аруаққа бір сүйем жерді қимады. Маған сенбесеңіздер Мұхиддин ағама хабарласып анық -жайды біліңіздер.
Қасиетті Бурабай даласы әлі-ақ уақыт ырғағымен өз қалпына келеді. Бұл жер киелі жер. Аруақты жер. Аңыз бен ақиқаттың ақ ордасы болған жер. Ән мен күй төгілген жер. Сұлулардың шолпысы сылдырлап, мың бұлағы күбірлеп аққан жер.
Осы жерде от үстіне от жағып, бұзбай бұлан пісіре алатын талай-талай текті азаматтар жүр. Елге еңбегі сіңген соның бірі Мұхиддин Бекболатұлы.
Жасай беріңіз елің ойлаған едіге мінезді, елді сүйген, халқың сүйген, аруақты сыйлаған аға!.. Дешті Қыпшақтың даласын ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған аруақты бабалардың рухы бір Өзіңізге Жар болғай!
Бурабайдың Жеңісі
Суретте:Балалармен тұрған Мұхиддин Бекболатұлы