АСТАНА. 09.05.2026. Munarmedia.kz – Қазақстандық кәсіпкер, BI Group компаниясының негізін қалаушылардың бірі Айдын Рахымбаев жұбайы Анармен бірге халықаралық The Giving Pledge қайырымдылық бастамасына қосылды.
Бұл бастамаға әлемдегі долларлық миллиардерлер қатысады. Олар өз байлығының басым бөлігін қайырымдылыққа жұмсауға жария түрде уәде береді. Қаражатты көзі тірісінде аударуға немесе өсиет арқылы қайырымдылық қорлары мен әлеуметтік жобаларға қалдыруға болады.
Рахымбаевтар отбасы алғашқы нұсқаны таңдаған. Олар жинаған дәулетінің жартысынан астамын көзі тірісінде қоғамдық маңызы бар жобалар мен мұқтаж жандарға көмек көрсетуге бағыттамақ.
Кәсіпкер мен оның жұбайы бұл шешім туралы ашық хатында мәлімдеді.
«Біз жұбайымыз екеуміз қарапайым отбасында, шағын ауылда өстік және өмір бойы еңбек еттік. Уақыт өте келе байлық өмірдегі басты құндылық емес екенін, оның адамдарға пайда әкелетін құрал ғана екенін түсіндік», – делінген хатта.
Сондай-ақ олар мұқтаж жандарға көмектесуді қоғам алдындағы парызымыз деп санайтынын атап өтті. Айтуларынша, бұл шешімді балалары да қолдаған.
Forbes Kazakhstan журналының 2026 жылғы рейтингіне сәйкес, Айдын Рахымбаев Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлер тізімінде 9-орында тұр. Оның байлығы 1,1 млрд доллар көлемінде бағаланған. Биыл ол алғаш рет Forbes-тің әлемдік миллиардерлер рейтингіне енді.
The Giving Pledge бастамасын 2010 жылы Билл Гейтс, Мелинда Френч Гейтс және Уоррен Баффет құрған. Қазіргі таңда оған әлемнің 30 елінен 250-ден астам кәсіпкер қосылған.
#АйдынРахымбаев #BIGroup #Қайырымдылық #TheGivingPledge #Forbes #Қазақстан #Munarmedia #Қоғам