Солтүстік Қазақстан облысында бес жасар қызының өліміне себеп болған әйелге қатысты сот үкімі шықты.

67

АСТАНА. 09.05.2026. Munarmedia.kz – Қайғылы оқиға 18 қаңтар күні кешке болған. Тергеу мәліметінше, 33 жастағы Ирина Пивоварова бірге тұратын азаматымен көршілердің үйіне ішімдік ішуге кетіп, бес жасар қызын үйде жалғыз қалдырған. Әйел үйден шығар алдында есікті сыртынан кілттеп, пеш жаққан.

Куәгерлер өртті байқаған кезде үйді жалын толық шарпыған. Әйелдің бірге тұратын азаматы терезе арқылы ішке кіруге әрекет жасағанымен, қою түтін мен жалын мүмкіндік бермеген.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, баланың анасы өзін күмәнді ұстаған. Ол өртеніп жатқан үйді үнсіз бақылап тұрған, кейін жедел жәрдем көлігіне отырып, тоңып қалғанын айтқан.

Өрт сөндірілгеннен кейін үй орнынан бес жасар Милананың мәйіті табылды. Кішкентай қыздың диванның артына тығылған күйде жатқаны анықталған. Тергеу нұсқасына сәйкес, өрттің шығуына ашық от көзі — сіріңке немесе толық өшірілмеген темекі себеп болуы мүмкін.

Сот барысында айыпталушы кінәсін мойындап, қызын жақсы көргенін айтқан.

Сот Ирина Пивоварованы баланы қауіпті жағдайда қалдыру, абайсызда өлімге әкеп соққан әрекет бабы бойынша кінәлі деп танып, ең төменгі жаза — қауіпсіздігі минималды колонияда 1,5 жыл бас бостандығынан айыру үкімін шығарды.

Сотталушы жазасының бір бөлігін тергеу изоляторында өтеген. Қазақстан заңнамасына сәйкес, қамауда болған бір күн екі күн ретінде есептеледі.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

#СҚО #Сот #ҚайғылыОқиға #Өрт #БалаӨлімі #Қазақстан #Munarmedia #Қоғам